Жуырда елордадағы қараусыз қалған ғимараттан табылған 14 жастағы оқушы қыздың денесінде көп қан ізі болды. Бұл туралы NeMolchi.kz қорының жетекшісі Дина Таңсәрі айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Дина Таңсәрі NeMolchi.kz қорына келесі ақпарат келгенін жазады.
"Полиция қызметкерінен 10 қыркүйек күні сағат 22.00-де қаңырап бос қалған ғимараттан оқушының денесі табылды деген ақпарат түскен. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қалалық Байқоңыр аудандық полиция департаментінің қызметкерлері "қыз бала газға уланып құлады, салдарынан жүрегі кенеттен тоқтап қалды" деген нұсқаны айтып отыр. Олар болған жағдайды "оқыс оқиға" дегенге келтіріп отыр. Оқушы қаза тапқан күннен бері тергеу амалдары бір орыннан жылжымады. Қыздың ата-анасына "сізге ертең хабарласамыз" деп айта береді", - делінген хабарламада.
Жазуынша, қайғылы оқиға болған күні оқушы мектептен кейін серуендейтінін айтып, үйдегілерден сұранған. Оқушының атасы немересін кешкі 18.00-ге қараған уақытта іздей бастаған.
"Қыздың телефоны өшіп тұрды. Оның жақындары бірден полицияға хабар берген, түнгі сағат он кезінде оларға баланың денесі табылды деп айтылады. БАҚ беттерінде полиция "баланың мәйітінде зорлық-зомбылықтың ізі жоқ, өлімнің себебі анықталып жатыр" деп ақпарат таратқанын көрдік. Бірақ та туған-туысы бізге оқушының мәйітханадағы суретін жіберді. Суреттерден қыздың қолында жарақат болғаны, екі алақаны мен жұдырығы, шынтағы мен иығы қанталағаны байқалады. Бұдан кейін зорлық-зомбылық, төбелес, өмір үшін арпалыс болғанын түсінуге болады. Бұл жазатайым оқиға емес", - дейді қор басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында.