"Астана – қолайлы және өмір сүруге қауіпсіз қала" бағдарламасы аясында қала әкімі Әсет Исекешев өкілетті органдарға 1 тамызға дейін қараусыз қалған барлық мұнара крандарының қаупін жою жұмыстарын тапсырды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Мұның алдын 32 тоқтап тұрған объектіде 54 мұнара краны тексеруден өткені туралы айтылған болатын. Тексеру барысында оның 10-ы айтарлықтай қауіп төндіріп тұрғаны анықталды.
Осыған байланысты жартылай немесе толықтай бес құрылыс нысанында мұнара крандары жөндеуден өткізілді, олар – "Абат" ТК, "Отель апартамент", "Созвездие" ТК, "Пана" ТК және "Искандер" ТК.
Сонымен бірге, 3 құрылыс нысанында орнатылған 5 мұнара кранының қожайыны оларды жартылай және толық жөндеуден өткізуге дайын.
Айта кетейік, 7 құрылыс объектісінде жұмыстар жаңартылуда және таяу арада 15 мұнара краны тиісті ереже талабына сай келтіріледі.
Естеріңізге салсақ, жиын барысында құрылыстың сапасы туралы Астана әкімі Әсет Исекешев барлық "тоқтап тұрған объектілерге" ревизия жасауға тапсырма берді.