Қараусыз қалған кен орнынан мұнай ұрлануы мүмкін бе?

616

Атырау облысы Жылыой ауданында кен орны қараусыз қалған.

Қараусыз қалған кен орнынан мұнай ұрлануы мүмкін бе?

Шаруалар иен даладағы қара алтынның ашық бассейніне төрт-түлік түседі деп алаңдаулы. Тіпті ол жерде мұнай ұрлануы да мүмкін деп дабыл қақты. Жергілікті әкімдіктегілер неге бейжәй отыр? Байлықтың бақылаусыз жатқанына үкімет өкілдері не дейді?

Әлеуметтік желіде тараған бұл бейнежазбада мұнай игерілген кен орнының қараусыз қалғанын байқауға болады. Видео авторы ашық жатқан қара алтын бассейніне төрт-түлік түссе оңбайды дейді. Тіпті өңделмеген мұнайдың радиациялық қаупі болуы мүмкін деген ойда. Шаруалардың шағымынан кейін депутат Айбар Ерекешов сол аумақты өз көзімен көріп келген.

"Шаруалар мезгіл мезгілімен малды көшіріп бағады. Перегонның уақытында көптеген жылқылардың бассейнге түсіп кетіп, із түссіз емес, шаруаның көз алдында өліп жатқан жағдайлар болып жатыр. Жердің иесі осы уақытқа дейін пайдаланған, оны ашық қалдыруға болмайды. Оны утелизировать ету керек.Монометр көрсетіп тұр, атмосфералық қысым 45 кг метр квадратт. Тікелей ағын адамға тиетін болса, адамды тесіп кету мүмкіндігі бар.Қосымша жабайы әдіспен крандар орнатып, дәнекерлеп, шланга шығарып, жабайы әдіспен құйып алатын тәсілдер дайындап қойған.Алдын ала болжамымыз осындай болды, мұнай ұрланып жатуы мүмкін деген", - деді Атырау облыстық мәслихатының депутаты Айбар Ерекешов.  

Аудандық әкімдіктегілердің сөзінше бұл "Масабай" кен орны. Жылыой ауданы Құлсары қаласынан 35-40 шақырым жерде орналасқан. 2010 жылы игеруге "ЕМЕ" серіктестігі алыпты. Алайда компания былтыр толық банкрот деп танылған.

"2021 жылдың 24-інші желтоқсанында банкроттық іс қозғалып, 2022 жылдың сәуірінде "ЕМЕ" ЖШС банкрот деп танылды. "Масабай" кен орны ҚР Энергетика министрлігінің келісім шартымен "Gold Tengry Estate" серіктестігіне берілген. Бүлінген жер учаскесіне сол компания жауапты", - деді Жылыой ауданы жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ербол Нұртайұлы.

Энергетика министрлігіндегілер бұл жердің "Gold Tengry Estate" серіктестігіне берілгенін растады. Шаруаларға еш кесірі тимес үшін жақын арада ол аумақты тазалау қажеттігін айтып, компанияға хат жолдамақшы.

"Министрлікпен келісімшартқа қол қойды. Келісімшартты олар аукцион арқылы ұтып алды. Және мемлекеттік бюджетке шамамен 800-900 млн теңгедей қол қою бонусын төледі. Аумақ толықтай "Gold Tengry Estate" компаниясына тиесілі. Келісімшартқа қол қойған күннен бастап, бұрғыланған барлық ұңғымаларды мониторинг жүргізіп, салдарын өз қаражаты есебінен жоюға міндетті. Нақты мен сізге айта алмаймын ол жерден алып кете алады ма мұнайды, алып кете алмайды ма. Өздері қарап, тексеретін болады міндетті түрде", - деді ҚР Энергетика министрлігі жер қойнауын пайдалану департаменті директорының орынбасары Ерлан Ақмолдин.

Жауапты ведомствадағылар, "Масабай" кен орнының аумағы жақын арада тазаланатынына сендірді. Ал зияны бар-жоғын экологтар анықтауы тиіс дейді. Департамент мамандары қазір сынама да алып үлгерген. Айта кетсек, "Gold Tengry Estate" келісімшартпен алған кен орнын әлі 25 жыл бойы игереді. Қазір онда шамамен 265 мың тоннадан астам мұнай қоры бар екен. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу