Қаражанбастағы тұщы су зауытының қашан ашылатыны белгілі болды

647

Ол 2021 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланып отыр.

Қаражанбастағы тұщы су зауытының қашан ашылатыны белгілі болды

Биылғы желтоқсан айында іске қосылатын болған Қаражанбас су тұщыту зауытының ашылуы пандемияға байланысты кейінге шегерілген еді. Белгілі болғандай, карантин өндіріске қажетті құралдарды жеткізуге кедергі келтірген. "ҚазМұнайГаз" Ұлттық компаниясы" АҚ оның 2021 жылдың бірінші тоқсанында жұмысын бастайтынын мәлімдеді. 

Қазіргі күні "Қаражанбасмұнай" мекемесі жалпы көлемі 350 га болатын мұнай қалдықтары алаңын тазартуда, оның 134 гектары бойынша жұмыс аяқталған. Сондай-ақ компания Каспий теңізінің жағалау аймағындағы 1970 жылдары бұрғылаумен айналысқан 11 ескі ұңғыманы және уақытша сақтау полигонындағы 180 мың тонна қалдықты жойған. 

Бүгінде Қаражанбас тәулігіне Еділ өзенінен Астрахан-Маңғыстау су құбыры арқылы келетін 17,5 мың текше метр су көлемін пайдаланады. Су тұщыту зауытын іске қосу кен орнын сумен қамтамасыз етіп, соның салдарынан аймақтағы су проблемасының шешіле түсуіне сеп болмақ. Жоспар бойынша тұщытылған судың көлемі тәулігіне 17 мың текше метрге дейін жетпек. Сондай-ақ өндіріс орны шамамен елуге тарта адамды жұмыс орнымен қамтамасыз ететін болады. 

"Зауыт көп сатылы тазалау және кері осмос көмегімен минералсыздандыру технологияларын қолдана отырып, қойнауқат суларын қайта өңдейді. 2021-2035 жылдары аралығында Қаражанбас кен орнындағы мұнай өндірісін кемінде 700 мың тоннаға арттыру, ұңғымаларды күрделі және жерасты жөндеуді азайту, грифондардың пайда болуын шектеу жоспарланған", – деп хабарлайды "ҚазМұнайГаз" Ұлттық компаниясы" АҚ баспасөз қызметінен.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу