"Қаражат тапшы": БҰҰ Газадағы 500 мың адамды азық-түліксіз қалдыруға мәжбүр

169

Аймақ халқының үштен екісі азық-түлікке мұқтаж.

"Қаражат тапшы": БҰҰ Газадағы 500 мың адамды азық-түліксіз қалдыруға мәжбүр Фото: ru.euronews.com

БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы қаржы жетіспеуінен Газа секторының тұрғындарына берілетін ай сайынғы көмекті қысқартады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты шетелдік басылымға сілтеме жасап. 

Енді ай сайынғы көмекті 1,1 миллион палестиналық ала алады. Бұл – Газа халқының жартысына жуығы. Осыған дейін ұйым 1,5-1,8 миллион адамға қолдау білдіріп келген болатын. Бұдан бөлек отбасылар екі азық-түлік жиынтығының орнына біреуін ғана алып, ұн да аз беріле бастайды. Ал 75 мың отбасыға арналған ақшалай төлемдер 400 доллардан 240 долларға дейін қысқарады.

Соңғы бағалауларға сәйкес, Газа секторында 1,4 миллион адам азық-түлік тапшылығына тап болған. Ұйым өкілдері қыс басталысымен бұл қажеттілік одан әрі артатынын ескертіп, дабыл қағып отыр. 2025 жылдың тамызында БҰҰ Газа секторында ашаршылық басталғанын ресми түрде жариялады. Бірақ та, Израиль билігі бұл мәлімдемені жоққа шығарды. Кейін атысты тоқтату келісімі орнап, арада екі ай өткен соң бұл мәртебе алып тасталды.

Бағдарламаның есептеуінше, алдағы алты айда Газа мен Иордан өзенінің Батыс жағалауына көмек көрсету үшін 450 миллион доллар қажет. Бірақ іс жүзінде бұл соманың тек жартысы ғана жиналды. Ұйым қаржы жетіспеушілігінен көмек көлемін азайтып, қызметкерлерін жұмыстан босатуға мәжбүр болған.

Бүгінде Израиль атысты тоқтату келісімі аясында Газаға азық-түлікті көбірек өткізе бастады. 

DW жазуынша, сектордағы 500 мыңға жуық адам қолдаудан қағылады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу