"Қарғыба" су тоспасы жаңғырту жұмыстары 7 жылдан бері аяқталмай келеді

531

Депутат Абай облысындағы суармалы жерлер мәселесін көтерді.  

"Қарғыба" су тоспасы жаңғырту жұмыстары 7 жылдан бері аяқталмай келеді Фото: 24.kz

Сенатор Қайрат Тастекеев Абай облысындағы суармалы жерлердегі су тапшылығы проблемалары туралы айтып берді. Ол өзінің депутаттық сауалында Үкіметтен "Қарғыба" су тоспасы мен "Жаңа Тоғам" магистральдық арнасына жүріп жатқан күрделі жөндеуді аяқтауды сұрады.

Сенатор Қарғыба өзеніндегі су алуға бекітілген барлық егіс алқаптарының ауданы 5 429 гектар, жаңа Тоғам магистральдық каналының бойындағы егіс алқаптарының ауданы 4 439 гектарды құрайтынын атап өтті. Дегенмен, депутаттың айтуынша, жөндеу жұмыстары әлі аяқталмай келеді. 2016 жылы бұл нысандарды жаңғырту жұмыстары басталған болатын. "Қазсушар" РМК Шығыс Қазақстан филиалы мердігер ретінде белгіленген еді, ал республикалық бюджеттен жұмыстарды жүргізуге 407 млн теңгеден астам қаржы бөлінді.

"Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталмай тоқтап тұр. Жобаның сметалық құнының ұлғаюына байланысты қаржылық - экономикалық негіздемесін қайта қарау ұсынылған. Осының салдарынан шаруашылық құрылымдарының еккен егістіктеріне ұдайы су берілмегендіктен жойылып, суармалы жерді игеруге ешқандай мүмкіндіктер қалмады. Бұл мәселе ауыл тұрғындарының қатты алаңдаушылығын туғызып, мал шаруашылығының дамуына кері әсерін тигізуде", - деді сенатор.

Қайрат Тастекеев сонымен қатар Қарғыба, Базар, Тебіске өзендеріндегі су жинау мәселелеріне де назар аударды. Мұндағы су қоры көпжылдық құрғақшылыққа байланысты азайып барады. Сондықтан қосымша су қоймаларын салу қажеттігі туындап отыр.

"Қарғыба" су тоспасы мен "Жаңа-Тоғам" магистральды каналының қайта жаңғырту, күрделі жөндеу құрылыс жұмыстары жобасының толық аяқталып іске қосылуына және Қарғыба, Базар, Тебіске су тоспаларына су қоймаларын салуға республикалық бюджеттен тиісті қаржының бөлінуіне ықпал жасауыңызды сұраймын", - деді сенатор.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу