Делегация құрамында Франция Президенті Эмманюэль Макрон, Германия Канцлері Фридрих Мерц, Ұлыбритания Премьер-министрі Кир Стармер және Польша Премьер-министрі Дональд Туск бар.
Олар Киевте Украина Президенті Владимир Зеленскиймен келіссөз жүргізіп, Ресейді атысты 30 күнге тоқтатуға келісуге шақырмақ.
Макрон "төрттіктің" бірлескен суретін жариялап, оған француз, ағылшын, неміс және поляк тілдерінде: "Біз Киевке жолға шықтық. Украина үшін, Еуропа үшін" деген жазба қалдырған.
Сапар қарсаңында Киевтің еуропалық одақтастарының басшылары Мәскеуді "атысты 30 күнге толық және сөзсіз тоқтатуға" шақырды. АҚШ Президенті Дональд Трамп Зеленскиймен сөйлескеннен кейін 8 мамырда АҚШ Ресейден атысты 30 күнге тоқтатуды талап ететінін мәлімдеді.
Бір күн бұрын Reuters агенттігі дипломатиялық дереккөзге сілтеме жасай отырып, АҚШ пен Еуропалық одақтастар Мәскеуге Украинадағы атысты 30 күнге тоқтату туралы ұсынысын аяқтап жатқанын, ал егер Ресей одан бас тартса, ЕО мен АҚШ-тың жаңа санкцияларына тап болатынын хабарлады.