Еліміздің ең көне қаласы болса да тәуелсіздік жылдары жаңа заман талабына сай түрленіп келе жатқан Тараз қаласы бүгінде дамудың даңғыл жолына түсті. Нәтижесінде, ежелгі шаһар жаңа сипат алып, күннен-күнге көркейіп, көріктеніп келеді.
Қазіргі таңда қалада құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Басқаны былай қойғанда, биыл Тараз қаласының автобекет маңында 14-інші, Ы. Сүлейменов көшесінің соңында 15-ықшам аудандардың іргетасы қалана бастады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев биылғы халық алдындағы есеп беру кездесуінде қос ықшам ауданның көне шаһар көркіне көрік қосып, сәулеті мен дәулеті жарасқан ықшам ауданға айналатынын айтқан болатын. Бүгін, міне, аумағы 100 гектар автобекет аймағындағы 14-ықшам ауданның құрылыс жобасы облыс əкіміне таныстырылды.
Ұлттық құрылыс саласы ассоциациясы президенті Мұхит Әзербаевтың айтуынша, жаңадан бой көтеретін 14-ықшам ауданда 49 көпқабатты үй, оның ішінде бес қабатты – 27, тоғыз қабатты – 16, он екі қабатты – 6 үй салынады. Жалпы тұрғындарға берілетін 5460 пәтерге 16000 адам қоныстанады.
Бұл аумақта тұрғын үйлерден бөлек, әлеуметтік нысандар да көптеп салынады. Мысалы, 250 орынды 3 балабақша, 2 орта мектеп, балаларды бейімдеу орталығының құрылысы жүргізіліп, ауысымына шамамен 500 адам қабылдайтын емхана мен онкологиялық диспансер, диагностикалық орталық салынбақ.
Сондай-ақ, тараздықтардың көптен күткен неке үйі де осы ықшам ауданда бой көтереді. Бұдан бөлек, ішінде спорт залдар мен жабық жүзу бассейні қарастырылған спорттық сауықтыру кешені; құрамында би залдары, клубтар, қалалық кітапхана және кинотеатр бар демалыс орталығы да талайдың таңдайын қақтырады.
Сонымен қатар, заманауи сауда-саттық, тұрмыстық қызмет көрсету кешендері мен бизнес орталықтардың да есік ашатын күні алыс емес. Көне шаһардың көркем кеңістігіне келісті келбет сыйлайтын ықшам ауданның жобасын мұқият қарап шыққан аймақ басшысы жобалаушыларға бірқатар ұсынысын да айтып өтті.