Ақша Біріккен Ұлттар Ұйымының Uzbekistan Vision 2030 көп серіктестік траст қоры арқылы қайтарылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
6 ақпанда Ташкентте Өзбекстанның әділет министрі Акбар Ташкулов пен Швейцарияның Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі Константин Оболенский "Тәркіленген мүлікті бөлу туралы келісімге" қол қойған. Мұны Өзбекстанның әділет министрлігі хабарлады.
– Келісім аясында Өзбекстанға шамамен $182 млн қаражат қайтарылады. Бұл қаражатты Өзбекстан Республикасының кейбір азаматтары заңсыз иемденген және олар 2012 жылы Швейцария бас прокуратурасы Г.Кәрімоваға қарсы қозғалған қылмыстық істің аясында толығымен тәркіленген, – деп жазылған хабарламада.
Осыған дейін 2022 жылдың 16 тамызында Швейцарияның Берн қаласында Өзбекстан Республикасы мен Швейцария Конфедерациясы арасында "Швейцария Конфедерациясының аумағында тәркіленген заңсыз алынған мүлікті Өзбекстан Республикасы халқының мүдделері үшін қайтару әдістері туралы келісімге" қол қойылған еді. Бұл келісім БҰҰ-ның Uzbekistan Vision 2030 деп аталатын көп серіктестік траст қоры арқылы заңсыз алынған активтерді Өзбекстанға қайтару механизмін, сондай-ақ негізгі қағидаттар мен мақсаттарды белгілеуге бағытталған.
2022 жылдың тамызында қол қойылған бірінші келісім Өзбекстан шамамен 131 миллион доллар қайтаруды көздеп отыр. Жаңа келісімге қол қойылғаннан кейін Өзбекстан халқының игілігіне қайтарылған қаражаттың жалпы көлемі 313 миллион долларға жетеді деп жоспарланған.
Аталған қаржы әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға, әсіресе денсаулық сақтау және білім беру салаларына бағытталмақ. Қор және оның жобалары туралы ақпарат қордың сайтында өзбек және ағылшын тілдерінде ашық көзде қолжетімді болып тұр.