Қазақстанда кітап оқу мәдениетін дамыту мәселесі қайта назарға ілікті. Бұл ретте мемлекет тиісті жағдайды жасап жатыр, енді басты міндет – қоғамның өзінде, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ерлан Қарин "Жас Алаш" газетінде көтерілген кітап оқу деңгейіне қатысты материалға пікір білдірді. Ол көтерілген мәселе шынында да өзекті екенін баса айтты.
– Жуырда "Жас Алаш" газетінде жарияланған бір материалға көзім түсті. Тақырыбы – "Кітап оқымайтын қоғам: Жалған статистикаға жасырынған шындық". Талқыға баспагер Шыңғыс Мұқан, жазушы-баспагер Арман Әлменбет, кітапхана қызметкері Айдос Бектұрсын үн қосыпты. Көтерілген мәселе шынында да өзекті, – деп жазды.
Ерлан Қариннің айтуынша, жастарды әлеуметтік желілердің ықпалынан шығарып, кітап оқуға баулу – қоғамның ортақ жауапкершілігі. "Озық ойлы ұлт болудың төте жолы – кітап оқу", – деген Мемлекет басшысының сөзін мысал еткен ол мемлекет ешкімді мәжбүрлей алмайтынын, бірақ қажетті жағдай жасалуы тиіс екенін атап өтті.
– Мемлекет ешкімді кітап оқуға міндеттей алмайды. Мемлекеттің міндеті – осыған негіз болатын алғышарттарды жасау. Яғни, оқырманның қажеттілігін өтейтін кітаптар басып шығару, шетелдің үздік туындыларын аудару, оқуға қолайлы жағдай жасау, оқу-білімді насихаттау, ынталандыру, – деді ол.
Соңғы жылдары кітап оқуды ынталандыру бағытында бірқатар жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, Президент бастамасымен 23 сәуір Ұлттық кітап күні болып белгіленді. "Балалар кітапханасы" және "Кітап-Amanat" жобалары іске қосылды.
– Әрбір қазақстандық оқуға тиіс 100 кітаптың тізімі айқындалды. Алматыдағы бірнеше кітапхана 24/7 жұмыс режиміне көшті. Сонымен қатар Президент идеясы бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхананың құрылысы басталмақ. Қазіргі таңда қоғамдық кітапханаларда 72 миллионнан астам құжат бар. Биылдың өзінде олардың қоры жаңадан 1 029 568 баспа өнімімен толықты. Электронды қор 2,2 миллионнан асады. Онлайн оқу платформалары да белсенді жұмыс істейді, – деді Мемлекеттік кеңесші.
Ерлан Қарин атап өткендей, мемлекет тарапынан жағдай жасалғанымен, ендігі маңызды міндет – қоғамда кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру және үлгі болатын оқырмандар ортасын қалыптастыру.