Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин екі жыл ішінде "Таза Қазақстан" жобасы аясында нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Ел бойынша шамамен 6,5 миллион адамның қатысуымен 1,5 мың экологиялық іс-шара өткізілгенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында еліміздің барлық өңірінде "Таза Қазақстан" науқаны аясында экологиялық акциялар өтіп жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен жалпыұлттық жоба небәрі екі жылдың ішінде еліміздің қалалары мен ауылдарын абаттандыруға әрі көгалдандыруға бағытталған бұқаралық қоғамдық қозғалысқа айналды. Бұған қоса "Таза Қазақстан" құндылықтары ең жоғары конституциялық мәртебеге ие болды. Атап айтқанда, жаңа Ата Заңның преамбуласында алғаш рет табиғатты аялау қажет екені нақты көрсетілген. Ал Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттары қатарында жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын ілгерілету және жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру міндеті белгіленді", – деді Ерлан Қарин.
"Таза Қазақстан" жобасы "Заң және Тәртіп" қағидатымен әрі "Адал азамат" бағдарламасымен қатар жаңа қоғамдық этиканы қалыптастырудың маңызды құралы болып саналады. Сол себепті Мемлекет басшысы өзінің сөйлеген сөздерінде жауапкершілікке, саналылыққа, құқықтық тәртіпті сақтауға, ең бастысы отансүйгіштікке негізделген мінез-құлық модельін орнықтыру мен ілгерілетудің маңыздылығына ерекше назар аударады.
"Жауапты әрі жасампаз отаншылдық әр азаматтың айналасындағы тазалық пен тәртіпті сақтауынан, табиғатқа жанашырлықпен қарауынан және вандализмге қарсы күресінен басталады. Екі жыл ішінде "Таза Қазақстан" жобасы аясында нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Ел бойынша шамамен 6,5 миллион адамның қатысуымен 1,5 мың экологиялық іс-шара өткізілді. Соның ішінде ең алдымен жастардың белсенділігін ерекше атап өту қажет. Белсенді азаматтардың ұйытқы болуымен 2 миллион тонна қоқыс жиналып, шамамен 5,5 миллион ағаш отырғызылды. Сонымен қатар елімізге келген мемлекет басшыларының, танымал өнер қайраткерлері мен спортшылардың "Таза Қазақстан" жобасын қолдап, ағаш отырғызуы игі дәстүрге айналды. Осылайша, Қазақстан қоғамдық бірлікті күрделі әрі абстрактілі идеологиялық тұжырымдамалар төңірегінде емес, баршаға түсінікті қарапайым әрі әмбебап құндылықтар негізінде қалыптастыруға болатынын айқын көрсетіп, жаңа үрдістің негізін қалап жатыр. Мәселен, жуырда Парламентте саяси партиялардың барлығы өз бағдарламалары мен жарғыларына "Таза Қазақстан" қағидаттарын енгізуі қажет екені туралы ұсыныс айтылды. Түптеп келгенде, бұл — идеологиялық жаңғырудың іргетасы. Осылайша, "Таза Қазақстан" жобасы кең қоғамдық қолдауға ие болып қана қоймай, біртіндеп күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне де айналып келеді, – деді Мемлекеттік кеңесші.