Кәріз құбыры жарылып, 4 тұрғын үйді су басты

549

Елордада кәріз құбыры жарылып, 4 бірдей тұрғын үй зардап шекті. 

Кәріз құбыры жарылып, 4 тұрғын үйді су басты Фото: adyrna.kz

Тұрғындар 3 тәуліктен бері күн, түн демей толассыз аққан сасық сумен алысып, жертөлені құрғатумен әлек. Тек кеше түнде ғана оқиға орнына әкімдік өкілдері барып, іс насырға шапқанына көз жеткізген соң арнайы техника жеткізіліпті. Бірақ ол суды сорып бітем дегенше, түгел көшенің көлге айналар түрі бар. 

Бәрі жексенбі күні кәріз құбыры жарылып, қалдығы сыртқа атқылағанда басталыпты. Үйдің маңы мен жертөлесі суға толып, маңайды жағымсыз иіс басқан. 

Бұл жайттан тұрғындар ғана емес, бизнес өкілдері де зардап шегіп отыр. Үйдің астында орналасқан шаштараз, сән салоны, азық-түлік дүкені мен интернет кафе иелері де шарасыз күйде. Олар да күн, түн демей толассыз аққан сасық суды далаға шелектеп тасып жүр.

"Міне осылай су тасып жүргенімізге 3 күн болды. Жиһаз, жабдықтарымның күл-талқаны шықты. Жертөле шамамен 2,5 метр суға толып, ол қабырға арқылы бізге қарай аққанда Астана су арнасы, КСК, 109 бәрін шақырдық. Кеше ғана көлік жіберді", дейді кәсіпкер Арман Еркінғалиев.

Осының салдарынан кей үйлер жарықсыз, жылусыз отыр. Астана қаласы, Сарыарқа ауданының әкімдігінің айтуынша, тоқ ұрып, оқыс оқиға болмас үшін электр желісі уақытша өшірілген. 

"Тексеріс барысында Қосшығұлұлы, Қараменді би көшелерінің қиылысында диаметрі 600 милиметр кәріз құбырында проблемалар анықталды. Бұл учаскелерде ағынды сулар толығымен сорылып жатыр. Қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі уақытта су тірегі болған учаскелерде жұмыстар күшейтілген режимде жүргізіліп жатыр. Қосшығұлұлы 20,21,22,23 үйлерінде электр, жылыту, сумен жабдықтау желілерінің жұмысы қалпына келтірілді", дейді Астана қаласы "Сарыарқа" ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Айгерім Ақшолақова.

Тұрғындар сөзіне сенсек, бұл оқиға бұрыннан қордаланған мәселенің шарықтау шегі болғанға ұқсайды. Себебі, үй маңындағы құдықтардан жағымсыз иіс шығып тұрғанына біраз болыпты. Жаңадан салынған үйлер мен ескі үйлердің кәріз жүйесі біріктірілгендіктен, осындай апат болды,- деген де пікір айтылып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу