Қызылорда облысында кәріз құбырларын тазалау кезінде екі жұмысшының қаза табуына байланысты іс бойынша сотталғандардың шығынды төлемей жатқандығы туралы өтініш түсті. Бұл туралы Бас прокуратура таратқан ақпараттан белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты
Қызылорда облысында кәріз құбырларын тазалау кезінде қауіпсіздік техникасының ережелерін бұзу салдарынан екі жұмысшының улы газдармен улануынан қайтыс болуына байланысты мекеменің бұрынғы директоры мен шебері сотталған. Сот оларды ҚК-нің 156-бабының 4-бөлігі бойынша соттап, зардап шеккендердің пайдасына материалдық және моральдық шығындарды өндіріп алу туралы шешім шығарған.
Бас прокуратураға зардап шеккендердің өкілінен сотталғандардың шығынды төлемей жатқандығы туралы өтініш түскен.
"Істі зерделеу барысында прокуратура еңбек инспекциясының қорытындысы бойынша жұмысшылардың кінәсі 0%, ал жұмыс берушінің (заңды тұлғаның) кінәсі 100% екендігін анықтады. Азаматтық кодекстің нормаларына және Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысының түсіндірмелеріне сәйкес, қоршаған орта үшін жоғары қауіптілігі бар әрекетпен айналысатын кәсіпорындар осы қауіп көзінен келген зиянды өтеуге міндетті. Осыған байланысты, Бас прокуратура жоғары қауіптілік көзінен келген зиян үшін жауапкершілік қызметкерлерде емес, кәсіпорында болуы тиіс екенін атап, МКК-ды азаматтық жауапкер ретінде тарту үшін сот актілерін азаматтық талап бөлігінде жою туралы кассациялық наразылық еңгізді", – делінген хабарламада.
Кассациялық сот прокурордың наразылығын қанағаттандырды. Үкімнің азаматтық талап бөлігіндегі күші жойылды. Қылмыстық істі осы бөлігінде қарау үшін сол сотқа өзге құрамда қарауға жолданды.