Кәріз суын тазалайтын қондырғы 30 жыл бойы қараусыз тұр

401

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауылындағы кәріз суын тазалайтын қондырғының қараусыз қалғанына 30 жылдан асты.

Кәріз суын тазалайтын қондырғы 30 жыл бойы қараусыз тұр Фото: Inbusiness.kz

Көп қабатты үйлер мен мекемелерден шығатын арам су жазда Күршім өзеніне құйылып, қыста ауыл іргесіне жайылып қатып, халық талай шулады. Экологтар да дабыл қақты. Қазір аудан атқамінерлері әскери бөлімнің тазарту қондырғысын меншікке алып, жөндеп жатыр, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Мұндағы тазарту қондырғысы 2535 әскери бөліміне тиесілі. Жұмыс істеп тұр дегені болмаса бұл да ескі. Кәріз суын тазалайтын нысан болмағандықтан "Күршім" мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорны қарамағына алу үшін 80 миллион теңгеге жөндеп жатыр.

"Бүгінгі таңда құжаттарын кәсіпорынның теңгеріміне ауыстыру бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Өткенде алым-берім актісіне қол қойдық. Енді қазір толықтай жөндеу жұмыстары біткеннен кейін өзімізге қабылдап аламыз", - дейді "Күршім" мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорнының экономисі Әйгерім Болатбаева.

Құрылыс жұмыстары аяқталған соң, қараша айының соңында ауылдағы барлық кәріз жүйесін осы нысанға қосамыз дейді мамандар.

Мұндағы тазарту қондырғысы  өткен ғасырдың 90-жылдарынан бері қараусыз қалған. Бұл жерге аудан орталығындағы 1 аурухана, 4 мектеп, 2 балабақша, көпқабатты 34 ғимараттан шығатын кәріз суы келіп құйылады. Бұл шұңқырлар толған соң арам сулар қаншама жылдар бойы Күршім өзеніне қосылып жатты.

Ескі нысан 90-жылы болған жер сілкінісінде апатқа ұшыраған. Содан бері қараусыз. Арам су жиналатын шұңқырлар ашық жатыр. Мұндағылар су ернеуінен асып кетпеу үшін арнайы машинамен суды сорғызып, басқа жаққа апарып төгіп уақытша амалдап келген.

"Адамдар қоқыс төгеді. Малдың сойғаннан кейін тіпті терісін тастайды деп естиміз. Барлығы сасып жатыр. Ар жақтағы Юбилейный сол аудандар иісінен демалу мүмкін емес деп шағым түсіріп жатады", - дейді Күршім ауданының тұрғыны Қымбат Тоқтарбекқызы.

Аудан орталығына тазарту қондырғысын салу үшін 2014 жылы 877 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжат жасалған. Бірақ 3 жыл уақыт өтіп кетіп, ол құжат жарамсыз болып қалды. Қазір жаңа нысанның жобасы тағы да жасалып жатыр. Оның құны 4 миллиард теңгеден асады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу