Қарағанды облысындағы Қарқаралы ұлттық паркінің Бақты орман шаруашылығындағы жану ошақтары сөндірілді, деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
ТЖ департаментінің ақпары бойынша, қазіргі уақытта өрт болған жерді аралап ұшып шығу барысында ашық өрт болып жатқаны байқалмаған. "Кейбір аудандарда шамалы бықсып жану бар, оны бақылау үшін ұлттық парктің 50 жұмысшы және 9 техника жұмылдырылған", - деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Сондай-ақ "Қазавиақұтқару" АҚ ұшағы да өрт сөндіруге тартылған болатын. Өрт сөндіруге жұмылдырылған барлық күштер мен құрал тұрақты орнына қайтарылуда.
Алайда өрттің толық жойылғаны хабарланған жоқ.
Қарқаралы ұлттық паркі аумағындағы өрт өткен дүйсенбі күні басталып, ауданда төтенше жағдай жарияланған болатын. Соңғы мәліметтер бойынша, 3700 гектарға дейінгі жерді өрт шалған.