"Астана қаласындағы ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығында қасқырдың миын зерттегенде құтыру ауруы анықталды. Осыған орай Қарқаралы қаласында құтыру ауруына шектеу қойылады деген ойдамыз", - деп мәлімдеді Қарқаралы қаласының әкімдігі.
Осыған байланысты қалада келесідей шараларға тыйым салынады:
- иттер мен мысықтардың көрмесін өткізуге, құтыруға күдікті болған малдың өнімін (сүт, ет, тері) шығарып, тасымалдауға;
- ауыл шаруашылық жануарларын, иттер мен мысықтарды шығаруға және тасымалдауға;
Профилактикалық шаралар барысында иттер мен мысықтарды және басқа да жануарларды ұстау жағдайын тексеру бойынша аулаларды аралау жүргізілетін болады. Ауруға күдікті болған жағдайда, дезинфекция жүргізіледі. Сондай-ақ, барлық жануарларға (ауыл шаруашылық жануарлары, ит, мысық) құтыру ауруына қарсы екпе жасалады.
Бұл шектеу шаралары шамамен бір айға енгізіледі.
"Бүгінгі күнге Қарқаралы қаласы бойынша ауыл шаруашылығы жануарлары мен иттерден және мысықтардан құтыру ауруы анықталған жоқ. Үйдегі малдарыңыз бен иттеріңізде құтыру белгілері байқалса, дереу аудандық ветеринариялық инспекцияға 31939, ветеринариялық станцияға 32304 номеріне міндетті түрде хабарласу керек", - деп қосты қала әкімдігінің өкілдері.
21 желтоқсанда таңертеңгі уақытта Қарқаралының шеткі жағынан кірген қасқыр жұмысқа бара жатқан екі адамға шабуыл жасап жарақаттап кеткен.