2022 жылдың наурыз айында маңызы бар нысанның іргетасын қалау рәсіміне облыстың экс-әкімі Гүлшара Әбдіқалықова да қатысқан-ды.
15 мыңға жуық тұрғынның мәселесі қашан шешілетіні белгісіз, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Қызылорда облысы, Қазалы ауданындағы "Қарлаң" көпірі – 10 елді мекенді аудан орталығымен байланыстыратын маңызды нысан.
Екі жыл бұрын жергілікті билік "жаңа көпір арқылы Жанкент, Бірлік, Қожабақы, Аранды, Бозкөл, Тасөткел, Лақалы, Ажар, Тасарық және Кәукей елді мекеніндегі халықтың алыс-берісі артып, жол қатынасы жақсарады" деп сендірген.
Аталған жобаға 2021 жылы арнайы конкурс ұйымдастырылып, мердігер мекеме 4 млрд теңгеге көпір салуға келісімшартқа отырған болатын. Құрылыс жұмысы 2024 жылы толық аяқталуы тиіс еді. Жеңімпаз мекеме жұмысына салғырт қараған, әкімдік сотқа да берген. Ал, игерілмеген қаржы мемлекетке қайтқан.
"Биылғы жобаға бөлінген қаржыны игеруге байланысты біз жауапты мекемеге 2 мәрте қосымша келісімшарт жолдадық. Бірақ белгісіз себептерге байланысты олар қол қоюдан бас тартты. Осы жылдың 10 қазанында мердігермен келісімшартты бір жақты бұзу бойынша сот шешімі шықты, – дейді Қызылорда облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Жәнібек Сыздықов.
Қожабақы ауылының тұрғыны, белсенді азамат Дархан Бекжан "Қарлаң" көпірінің салынуын көп күттік. Әке-шешемізге де арман болған, енді бала-шағамызға да сағым болмаса игі еді", – дейді.
"Қарлаң" көпірінің салынуы біздің ғана емес, ата-анамыздың да арманы еді. Қазір жасым 62-де, енді есептей беріңіз. Осы көпір болмағандықтан, қалқымалы көпір арқылы өтемін деп талай адам жан тапсырды, енді бірі жарақат алды. Абыржы уақытында, яғни сел жүрген, мұз еріген кездерде қалқыламы көпір алынып тасталады. Сосын амалсыз аудан орталығына бару үшін 100 шақырымдай иленген балшық жолмен жүруге тура келеді. Көлігіміз батпаққа батып, талай рет жолда қалдық.
Сырдарияның арғы бетіндегілер осы көпірдің ашылуын аңсап, армандап келеді. Бала-шағамызға да сағым болып қалмаса екен деймін.
2022 жылы көпір салынады дегенде қуанғандардың бірі мен едім. Енді рақатын көреміз бе деп жүр едік. Қазалы қаласына біздің ауылдан да қашық елді мекендер бар. Қыстың күні қырауда ол жақтың адамдары ауырса қалай болады, мен түсіне алмаймын?! – дейді ол.
Қарлаң учаскесіндегі темір-бетон көпірі "Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей" автомобиль жолының 16 шақырымында орналасқан. Бұған дейін өткелдің ұзындығы 249 метр болады делінген еді.