"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасына "Қарағанды металлургия комбинатының" инвестициялары бойынша ұлттық және шетелдік бизнес тарапынан ұсыныстар келіп түсуде. Бұл туралы палата басшысы Райымбек Баталов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Біз (ред. – "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы) "Қарметкомбинат" бойынша нақты инвестордың кім болатынын әлі білмейміз. Себебі процедуралық сұрақтар жүріп жатыр. Десек те, ұлттық палатаға соңғы 2 жыл ішінде жеткізушілермен байланысты көптеген сұрақ пен талаптар түсіп жатыр. Бұл жалақының дұрыс төленбеуі, келісімшарттардың орындалуына қатысты мәселелер. Біз бұл жағдайдың жақсарып келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл мәселені Үкімет өз бақылауына алды", - деді Райымбек Баталов АӨСШК Іскерлік кеңесі мен бизнес форумының кулуарында.
Тілшілер "Атамекен" ҰҚП басшысынан "Қарметкомбинатқа" жаңа инвестор болуға ниетті инвесторлар туралы сұрады.
"Ұлттық палатада "Қарметкомбинаттың" инвестициялары бойынша ұлттық және шетелдік бизнес тарапынан келіп жатқан ұсыныстар бар. Бұл Шығыс, Ресей Федерациясы, Қытай, Таяу Шығыс инвесторлары. Олар "Қарметкомбинатты" қарастыруға дайын. Үкімет тиісті шешім шығарады деп ойлаймын. Біз өз тарапымыздан Үкіметке осы мәселеде ақпарат беріп отырамыз, ол ескеріледі деген үміттеміз", - деп нақтылады Райымбек Баталов.