Мерекеге орай жыл сайын жасы бойынша зейнетке шыққан елордалықтарға бір реттік ақшалай төлем беріледі. Биылғы жылы бұл сома 6313 теңгені құрап отыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы 25 қыркүйектен бастап 1 қазанға дейін 2,5 айлық есептік көрсеткіш – 6313 теңге көлемінде төлем төлейді. Аталған төлем жасына байланысты зейнеткерлерге (зейнетақы жасы әйелдер үшін – 58 жас, ерлер үшін – 63 жыл) есептелген. Бұған дейін бұл көмек ең төмен мөлшердегі зейнетақы алушыларға 30 тамыз ҚР Конституциясы күніне орай көрсетілген болатын.
Басқарма қызмет ету туралы келісім-шартқа тұрған келесі банктерде шоттары бар зейнеткерлерге ғана аталмыш төлемді кедергісіз жібере алады. Олардың қатарында: Альфа-Банк, АТФ Банк, Центркредит банкі, Еуразиялық банк, Jýsan Bank (Цеснабанк), Halyk Bank (Халық банк), Нұрбанк, Сбербанк, ForteBank және Қазпошта бар.