Павлодар облысының тұрғыны соңғы екі жыл бойы адамдарды алдап-арбап, олардың ақшасын иемденіп келген. Бұл әккі әрекеті әшкере бола бастаған тұста елден "табанын жалтыратып" үлгерді. Бірақ тәртіп сақшылары көп ұзамай оның қолына кісен салды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
47 жасар павлодарлық 201 жылдың қыркүйегі мен 2023 жылдың қазан айы аралығында бизнесті дамыту, қарттарға ақылы пансионат ашуды сылтауратып, 50 адамды алдап соққан. Сөйтіп, олардан 400 млн теңге көлемінде ақша алған. Ал қылмысының беті ашылғанда елден тайып тұрған.
"Күдікті Ресейдің Краснодар қаласындағы жалдамалы пәтерден табылды. Оны ұстауға біздің өңірдің полиция қызметкерлері де, ресейлік әріптестер де қатысты. Қазіргі уақытта ол Краснодар қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот оған 40 тәулікке экстрадациялық арест белгіледі", - деп хабарлады Павлодар облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Болат Нұрсейітов.
Бұл ретте полиция өкілдері жауапкершіліктен жалтарып жүрген азаматтарды іздеу тұрақты түрде жүргізілетінін атап өтті. Жыл басынан бері облыстың тәртіп сақшылары 155 қылмыскерді тауып, құрықтады.