Бүгін Астананың Есіл ауданында қариялардың бос уақытын өткізуге арналған "Дана" атты шағын орталық ашылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.
Қабанбай батыр 40, мекенжайы бойынша орналасқан "Инфинити-1" тұрғын үй кешенінде ашылған екі бөлмелі шағын орталық, қажетті жиһазбен қамтамасыз етілген. Мұнда зейнеткерлерді түрлі маман иелері жеке сұрақтары бойынша қабылдап, алуан тақырыптар талқыланатын дөңгелек үстелдер мен семинарлар өткізілетін болады. Орталықта қариялар бос уақытын өткізіп, үстел ойындарын ойнап, мерзімді баспасөз құралдарындағы жаңалықтармен таныса алады.
Есіл ауданы ардагерлер кеңесінің төрайымы Рысты Атығаеваның айтуына қарағанда, аталмыш шағын орталық Халықаралық қарттар күніне орай ашылып отыр. Ал, қазан айының соңына дейін Есіл ауданында қарияларға арналған тағы да төрт шағын орталық ашылады деп күтілуде.
"Дана" шағын орталығын ашуға "Есіл групп сервис" ЖШС қолдау көрсетті. Бұл біздің аудандағы осындай төртінші ғимарат. Бұдан бұрын "Есіл" ауданы әкімінің аппараты Ардагерлер кеңесімен бірлесе отырып, "Нұрсая-1", "Уют", "Номад" тұрғын үй кешендерінде қарияларға арналған шағын орталықтарды ашқан болатын. Осы айдың соңына дейін қарттар үшін тағы да төрт орталықты ашамыз деп жоспарлап отырмыз. Осылайша біздің ауданда қарияларға арналған 8 шағын орталық жұмыс істейтін болады", - деді Рысты Атығаева.
Ғимараттың ашылу шарасына қатысқан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов орталықтың қызметкерлеріне сәттілік тілеп, "Ардагерлер ұйымының" атынан кішігірім сыйлықтарын табыс еткен болатын.
Шағын орталықтың есігі әр азамат үшін ашық. Мұнда, сондай-ақ, "Инфинити" тұрғын үй кешенінің мерейтой иелерін құттықтау, Отан соғысына қатысқан ардагерлерді, тыл еңбеккерлерін марапаттау себебімен де азаматтар жиналатын болады. Орталықта қызмет ететін "Есіл" ауданының ардагерлер кеңесінің мүшелері көпбалалы аналарға, әлеуметтік жағдайы нашар отбасыларға, мектеп оқушыларына қол ұшын созуға қашанда дайын екендерін айтты.