Қаруды заңсыз сақтаған 195 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды

1077

Ішкі істер министрінің кеңесшісі Нұрділдә Ораз өткен аптада ел аумағында жасалған қылмысқа қатысты мәлімдеме жасады.

Қаруды заңсыз сақтаған 195 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды

"Бір апта ішінде 3 267 қылмыс тіркелді. Оның 2 201-і бір тәулік ішінде ашылды. Полиция қызметкерлері ізін суытпай 8 кісі өлтіру қылмысын, соңы өлімге әкеп соққан 4 қасақана ауыр зиян келтіруді, 2 қарақшылықты, 25 тонау фактісін және 504 өзгенің мүлкін ұрлау қылмысын әшкереледі", – деді Нұрділдә Ораз ішкі істер министрлігінің онлайн брифингінде.

Бұдан кейін ол министрлік "Қару" жедел алдын алу шарасын ұйымдастырғанын баяндады. 

"Жедел алдын алу іс-шарасы кезінде полиция органдары заңсыз айналымнан 328-ден астам атыс қаруын тәркіледі. Оның ішінде 212 дана тегіс ұңғылы қару, 38 дана газды қару, 9 қолдан жасалған қару, 27 травматикалық қару, 18 электрлік қару алынды. Қаруды заңсыз сақтағаны және алып жүргені үшін ҚР ҚК 287-бабы бойынша 134 материал тіркелді", – деді ішкі істер министрінің кеңесшісі.

Оның сөзінше, қаруды заңсыз сақтағаны және алып жүргені үшін 195 азамат әкімшілік құқық бұзу кодексінің 482-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 

"994 заңды тұлға тексерілді. Оның ішінде қару-жарақ саудасына маманданған 72 дүкен, 9 782 фермерлік және шаруа қожалығы және 84 490 азаматтық қару иесі тексерілді. Нәтижесінде 3 196 тәртіп бұзу фактісі анықталды. Оның 2 404-і қаруды сақтау және алып жүру ережесін бұзған.  792 азамат қаруды тіркеу және қайта тіркеу тәртібін сақтамаған. Олар осы үшін жауапкершілікке тартылды", – деді Нұрділдә Ораз.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу