COVID-19 ғана емес, сонымен қатар басқа да инфекциялардың түрлерін анықтауға мүмкіндік беретін Қазақстан Қарулы Күштерінің алғашқы ПТР зертханасы пайдалануға берілуге дайын, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Зертхана Алматы қаласында орналасқан Қарулы Күштердің Санитарлық-эпидемиологиялық орталығы негізінде құрылды. Ғимарат қысқа уақыт ішінде жөндеу жұмыстарынан өткізіліп, дайындалды, қажетті жабдықтар орнатылғаннан кейін, ПТР зертханасын іске қосу жұмыстары жүргізілді.
Зертхананы іске қосу Қарулы Күштердің жеке құрамын кеңінен коронавирусқа тестілеуінен өткізуге мүмкіндік береді. Қорғаныс министрлігінде өткен кезекті аппарат кеңесінде бұл мәселеге қатысты тиісті нұсқауды министр берген болатын.
Қарулы Күштердің жеке құрамы алғашқы күннен бастап коронавирустың таралуына қарсы күрес жөніндегі іс-шараларға белсенді қатысты. Атап айтқанда, әскери қызметшілер дезинфекция жүргізді, блокбекеттерде қызмет атқарды, елді мекендерді патрульдеуге, медициналық көмек көрсетуге және басқа да көптеген бағыттардағы жұмыстарға атсалысты. Қауіпті инфекция көздеріне тікелей жақын болуын ескере отырып, жұқтыру мүмкіндігін ерте анықтау аса маңызды болып табылады.
Жеке вирусологиялық зертхана "SABA GROUP" құрылыс компаниясының қайырымдылық қолдауымен құрылды.
Зертхана үшін қажетті жабдықты компания сатып алған. Сондай-ақ техникалық қолдау көрсетіп, персоналдың оқытылуын да ұйымдастырған.