Қарулы Күштердің барлық әскери бөлімдері мен мекемелерінде халық батырының туған күніне орайластырылып, еске алу іс-шаралары болып өтті, деп хабарлайлы ҚР Қорғаныс министрлігі.
Нұр-Сұлтан қаласында Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Іс-шараға Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Тимур Дәндібаев, Бас штаб бастығының бірінші орынбасары – Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы 1-дәрежелі капитан Серік Борамбаев, Парламент Мәжілісінің депутаттары Халық Қаһарманы генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев пен генерал-лейтенант Абай Тасболатов, сондай-ақ "Жас сарбаз" әскери-партиоттық жастар қозғалысының өкілдері қатысты.
"Бүгін біз атақты батырымыз Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл толуын атап өтудеміз. Ол тек айбынды қолбасшы ғана емес, қаламы қарышты жазушы да еді. Батыр бабамыздың болашақ офицерлердің бойында көшбасшылық қасиетін қалыптастыруда қосқан үлесі орасан зор. Оның шығармаларында патриотизм мен ерлік, жанқиярлық, әскери борышқа адал болу, Отанға деген сүйіспеншілік көрініс тапқан", – деп атап өтті Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатов.
Одан басқа, барлық гарнизондар мен оқу орындарында атаулы күнге арналған дөңгелек үстелдер, конференциялар, ерлік сабақтары өткізілді.
"Бүгінгі күн – барша қазақстандық жастар үшін өте маңызды әрі айтулы күн. Бауыржан Момышұлының шығармаларында жазылған ерлік әрқашан рух беріп, өскелең ұрпақ бойына патриотизм сезімін дарытады", – деді Нұр-Сұлтан қаласындағы "Жас сарбаз" әскери-патриоттық қозғалысы филиалының төрағасы Асхат Налшыбек.
Бауыржан Момышұлы аты аңызға айналған Панфилов дивизиясында батальон командирі болып, Мәскеу түбіндегі қанды шайқастарға қатысты. Соғыс жылдары полкті, дивизияны басқарды. Соғыстан кейін оқытушылық, ғылыми және шығармашылық қызметпен айналысты.
Бауыржан Момышұлының әскери тәжірибесі АҚШ-тың, Кубаның, Израильдың, Никарагуаның әскери оқу орындарында жеке зерделенеді.
Сонымен қатар, Алматыдағы республикалық "Жас ұлан" мектебіне Бауыржан Момышұлының есімі берілген. Онда мектеп ұландары патриотизм рухында, азаматтық пен ұлттық дәстүрді сақтауға тәрбиеленеді.