Қарулы Күштердің әскери қызметшісі Қазақстан рекордтар кітабына енуі мүмкін

178

5 күнде 600 шақырым: Қарулы Күштердің әскери қызметшісі бірегей марафонға бастамашы болды.  

Қарулы Күштердің әскери қызметшісі Қазақстан рекордтар кітабына енуі мүмкін Фото: gov.kz

Астана аумақтық қорғаныс бригадасының бөлімше командирі 3-сыныпты сержант Рауан Әбілханов небәрі бес күн ішінде 600 шақырым жүгіріп өтуді мақсат етіп отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Көктал" саябағынан басталатын жүгіру Қорғаныс министрлігі ғимаратының жанында аяқталады. Марафон Астана – Көкшетау – Астана бағыты бойынша өтеді. Күн сайынғы қашықтық – 120 шақырым. Әр 40 шақырым сайын демалыс қарастырылған.

– Оған дайындық үшін 2 ай бердік. Рауан күн сайын 40 шақырымнан артық жүгірді, – деді елорда аумақтық қорғаныс бригадасының командирі, полковник Омар Орынбаев.

Әбілханов бұл рекордын Республика күніне арнамақ. Сонымен қатар ол алдағы уақытта Қарағанды тасжолы арқылы Балқашқа дейінгі 1000 шақырымды 10 күнде еңсеруді жоспарлап отыр.

World Book of Records (әлемдік рекордтар кітабы) ұйымының дивизион генералы Қуаныш Құдайбергеновтің айтуынша, бұл жүгірісті бірегей деп атауға болады.

– Әбілханов – шетелдерге де танымал ең дайын ультрамарафоншылардың бірі, – дейді ол.

Марафоншының әр қадамын танымал Strava қосымшасы тіркейтін болады. Ал нәтижесі Қазақстан рекордтар кітабына енеді.

Сержант Әбілханов Қарулы Күштер қатарында 20 жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді. Спортпен 15 жылдан астам уақыт айналысу үстінде. Ол 2022 жылы Алматы облысында 48 сағат ішінде 350 шақырым жүгіріп, рекорд орнатқан болатын.

42 жастағы әскери қызметші тек рекорд иесі ғана емес, сонымен қатар нағыз үлгі тұтар отбасы. Спортшы жұбайымен екеуі 8 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу