Қарулы күштерге жаңартылған L-39 оқу-жауынгерлік ұшақтары жеткізілді

364

Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігі хабарлады. 

Қарулы күштерге жаңартылған L-39 оқу-жауынгерлік ұшақтары жеткізілді Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Қазақстан Әуе қорғанысы күштерінің Балқаш қаласындағы оқу-авиациялық орталығына L-39 оқу-жауынгерлік ұшақтарының кезекті легі келді.

Мемлекеттік қорғаныс тапсырысының шарты бойынша бұлар өткен жылдың соңында Чехияда шығарылған зауытқа жіберілген болатын. Ол жерде күрделі жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүргізілген ұшақтарға жаңа цифрлық авионика, катапультация жүйесі, байланыс және объективті бақылау құралдары орнатылды.

L-39 ұшақтары курсанттарды пилоттау техникасына, жауынгерлік қолдану элементтеріне, оқу орындары мен әскери бөлімдердің ұшу құрамын күндіз де, түнде де қарапайым және күрделі ауа-райы жағдайында жаттықтыруға арналған.

Тәжірибелі нұсқаушы ұшқыштар курсанттарға оқу-жауынгерлік ұшағын басқару машығын меңгеруге көмектесіп жатыр.

– L-39 ұшағымен ұшу – мамандық негіздерін түсінудің алғашқы қадамы. Әрбір курсант үшін дербес ұшу – маңызды оқиға, одан кейін қарапайым және күрделі пилотажға, бағыт бойынша, бұлттарда, төмен биіктікте ұшуға, құрлықтағы және әуедегі нысаналарға жауынгерлік қолдануға рұқсат етіледі, – деді оқу-авиациялық орталығы командирінің орынбасары подполковник Мақсат Буратаев.

L-39 реактивті жауынгерлік ұшағының кейбір модификациялары жеңіл шабуылдаушы ұшақтар мен жойғыштар ретінде пайдаланылуы мүмкін екенін айта кеткен жөн. Ұшақтың реактивті қозғалтқышы 6500 м биіктікте жылдамдығын сағатына 760 шақырымға дейін арттыра алады.

Жауынгерлік көліктің қару-жарақ құрамына бомбалаушы, басқарылмайтын және басқарылатын зымырандық оқу қаруы, көздеу және фотобақылау жабдықтары кіреді. Бұның бәрі нысананы 50-100 келі калибрлі еркін құлайтын оқ-дәрілермен бомбалауды, С-5 типтегі басқарылмайтын зымырандармен нысананы атуды, басқарылатын зымырандарды әуе нысаналарына жіберуді орындауға мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу