Арам пиғылды алаяқтар өздерін мемлекеттік орган қызметкерлері ретінде таныстырып, ақша бопсалауды шығарды. Осыған байланысты Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматы қаласы Әділет департаменті өкілдерінің қатысуымен шұғыл брифинг ұйымдастырылды.
"Алаяқтар біздің азаматтарымызға телефон соғып, өздерін әділет департаментінің қызметкерлері ретінде таныстырып, алдау және сендіру жолымен азаматтарымыздың қаржыларын алып алады. Олар жалған өнімді интернет, әлеуметтік желілер арқылы жоғары бағамен сату схемасы арқылы жасайды. Ал, алданған тұрғындармен келісім жасалғаннан кейін, барлық телефондарды өшіреді. Әрі қарай, алаяқтар жәбірленушілерге өздерін Әділет департаментінің қызметкерлері ретінде таныстырып, телефон шалады, алаяқтардың ұсталғаны туралы хабарлайды, жалған куәліктер береді және өтемақы төлеуге уәде береді. Алайда алдын-ала комиссия түрінде төлем талап етеді", - деп түсіндірді Әділет департаменті атқару өндірісін қамтамасыз ету жөніндегі бөлім басшысы Әнуар Жексеков.
Осыған ұқсас фактілер 2022 жылдың желтоқсан айының басынан тіркеле бастаған.
"Әділет Департаменті Алматы қаласының полиция департаментіне барлық дәлелдейтін материалдармен арыз жолдады, қазіргі уақытта арыз тергеу сатысында тұр. Соған қарамастан, алаяқтар күні бүгінге дейін адамдарды алдап келеді. Әділет департаментіне күн сайын республиканың түкпір-түкпірінен келген азаматтарымыздан Алматы қаласы Әділет департаментінің қазіргі қызметкерлері туралы нақтылау үшін қоңыраулар келіп түседі", - дейді ведомствоның баспасөз хатшысы Алмас Бекботаев.
Ведомство өкілдері еліміздің барша тұрғындарын өз туыстарын, достары мен таныстарын алаяқтық фактілері туралы ескертуге, олардың арандатушылықтары мен үгіттеріне сенбеуге шақырды.
Осындай жағдайлар орын алса: +77772522323 нөміріне хабарласып, Алматы қаласы Әділет департаментінің қазіргі қызметкерлері туралы ақпарат алуға болады. Сонымен қатар, қызметкерлердің тізімдері Департаменттің ресми сайтында жарияланған.