Қаржы министрі ЕАДБ қаражатының бұғатталуы туралы: "Келіссөз жүргізіліп жатыр"

497

Үкімет кулуарында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Ресейге қарсы санкциялар салдарынан Еуразия даму банкі қаражатының бұғатталуына қатысты мәселеде пікір білдірді.

Қаржы министрі ЕАДБ қаражатының бұғатталуы туралы: "Келіссөз жүргізіліп жатыр" Фото: kz.oqu.news

Қазақстан билігі Еуразия даму банкіндегі қаражат бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр, деп жазады inbusiness.kz. 

Atameken Business тілшісі Фариза Болатбек министрден "Қазақстан тарапы Еуразия даму банкі акцияларының ресейлік үлесін сатып алмас бұрын қаржының бір бөлігі бұғатталғаны туралы білді ме?" деген сауал қойды.

Ведомство басшысының сөзінше, ол уақытта қаражат бұғатталмаған көрінеді. 

"Бұл мәселені былтырдан бері талқылап келдік. Барлығын да тез арада шешу қажет еді. Дегенмен де қаржының бір бөлігі Euroclear-де бұғатталды, бірақ біз келіссөз жүргізудеміз. Ең бастысы келіссөз процесін дұрыс құруымыз керек. Себебі банктің өзі санкциялық тізімде жоқ, қаржының бір бөлігі бұғатталған. Сондықтан да бұл банк төңірегінде негативті жағдайдың болмағаны маңызды. Банк жұмыс істеп жатыр, елімізде көптеген жобаны қолға алған. Жобалардың 40 пайыздан астамы Қазақстанға бағытталған", - деді ол.

Министрдің айтуынша, Еуразия даму банкіндегі Ресейдің үлесін сатып алу елімізге көп жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді. Ол биыл Еуразия даму банкі қаржыландыратын жобалардың саны артатынын мәлімдеді.

Еске салайық, 3 сәуірде Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Еуразия даму банкінің төленген жарғылық капиталындағы Ресей Федерациясы үлесінің бір бөлігін сатып алу және сату туралы келісімді ратификациялау туралы" заңға қол қойған болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу