Басты себептің бірі – экспорттық тауарлардың әлемдік бағасының құбылуы, деп жазады inbusiness.kz сайты.
ҚР Қаржы министрі Мәди Тәкиев салық түсімдерінің төмендеуін былайша түсіндіріп көрді. Оның айтуынша, бұған негізгі 3 себеп бар.
– Біріншіден, "Теңіз Шевройл" бойынша болашақта кеңейту жобасын іске қосу мерзімі 2025 жылға ауыстыруға байланысты мұнай өндіру көлемі 5,1 млн тоннаға төмендеді. Бұл шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша түсімдердің 200 млрд теңгеге азаюына әкеліп соқты.
Екіншіден, былтыр 594 млрд теңге сомасында борышты қайтаруға байланысты қосымша құн салығын қайтарудың өсуі. Өткен жылмен салыстырғанда, биыл бюджеттен қосымша құн салығын 3 есе артық қайтардық, – деді ол мәжілістің жалпы отырысында.
Мәди Тәкиев салық түсімдерінің төмендеуінің кезекті себебін де атады.
– Негізгі экспорттық тауарлардың (металдар мен мұнайдың) әлемдік бағалары сияқты сыртқы факторлардың тұрақсыздығы республикалық бюджеттің кіріс бөлігіне кері әсер етті. Бұл үрдіс жыл бойы бірқатар металдар бойынша сақталып отыр. Одан бөлек, геосаяси жағдайға байланысты ірі компаниялардың логистикалық шығындары ұлғайды. Компаниялар табыстарының төмендеуіне байланысты, салық түсімдері шамамен 350 млрд теңгеге төмендеді, – деді ол.