Қаржы министрлігі әскери дәрігерлерге үстемеақы төлеуге қарсы

809

Қорғаныс министрлігі бұл шешіммен келіспейтінін білдірді. 

Қаржы министрлігі әскери дәрігерлерге үстемеақы төлеуге қарсы

Алматы қаласындағы әскери госпитальде тұтанған дау Қорғаныс министрлігі мен Қаржы министрлігін тығырыққа тіреп отыр. COVID-19 індетімен күресте азаматтық медицина өкілдерімен бірдей қимылдап жүрміз деп санайтын әскери дәрігерлер өздеріне үстемеақы төленбегенін айтып шағымданған болатын. Бұл талап орындалу үшін Денсаулық сақтау министрінің 4 сәуірдегі бұйрығына толықтырулар енгізу қажет көрінеді. 

"Ағымдағы жылдың мамыр айында Қорғаныс министрлігі Денсаулық сақтау министрлігіне толықтырулар енгізу жөнінде және Қаржы министрлігіне коронавирусқа қарсы күрес шеңберінде эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлерін қаржылық қолдауға қажетті ақшалай қаражаттың қажеттілігін есептеу жөнінде тиісті ұсыныстар жіберді. 17 шілдеде Қаржы министрінің міндетін атқарушы тұлғаның қолы қойылған жауабы алынды. Онда Қарулы Күштердің медицина қызметкерлеріне үстемеақы төлеу қарастырылмағандығы айтылған. Өйткені олар "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі" туралы ҚР Заңына сәйкес лайықты ақшалай үлеспен тұрғын үй төлемдерімен қамтамасыз етілген және оларға қолданылатын барлық көзделген жеңілдіктер бар екендігі айтылған", - деп жазады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Ведомство басшылығы бұл жауапқа қанағаттанбаған сыңайлы. Мәселені әрі қарай көтеріп, үстемеақы төлеудің басқа да жолдарын қарастырмақшы.

"Алынған жауапқа қарамастан, Қорғаныс министрлігі осы мәселені шешу бойынша жұмысты жалғастырады. Өйткені әскери медицина қызметкерлері өздерінің азаматтық әріптестерімен осындай күрделі және қауіпті жағдайларда қазақстандықтардың өмірі үшін тең жағдайда күресуде. Оларды қаржылық қолдау мәселелерінде бөлуді бүкіл ел қауіп-қатермен күресте топтасқан кезде әділетсіз деп санаймыз. Біз бұл мәселе жоғары деңгейде оң шешімін табады деп үміттенеміз. Қажетті түзетулер енгізілгеннен кейін әскери мекемелердің медицина мамандарына үстемеақы төленеді", - деп жазылған ресми мәліметте.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу