Қаржы министрлігі: Әскери қызметшілерге баспананы цифрлы түрде жекешелендіру қолжетімді болады

146

Жекешелендірудің барлық процесі цифрлы форматта болады. 

Қаржы министрлігі: Әскери қызметшілерге баспананы цифрлы түрде жекешелендіру қолжетімді болады Фото: canva.com

19 қыркүйекте әскери қызметшілерге арналған тұрғын үйді цифрлы жекешелендіру қанатқақты жобасы басталып, ол 2025 жылдың басына дейін жалғасады. Қазір өтініш беруден бастап жылжымайтын мүлікке құқықты тіркеуге дейінгі процесс 2 жылға дейін уақытты алуы мүмкін. Ал электронды қызмет енгізілген соң аталған процесс 2 айға дейін қысқарады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Айталық, жекешелендірудің барлық процесі цифрлы форматта болады. Соған сәйкес қарулы күштер өкілдеріне құжат жинап, түрлі ведомстволардың табалдырығын аттаудың қажеті болмайды. Өтініш берушінің мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы мемлекеттік деректер базасын интеграциялау арқылы цифрлы платформада жүзеге асырылады.

Тұрғын үйді жекешелендіруге байланысты мемлекеттік қызметті оңтайландыру жөніндегі жаңа ережелер бірнеше органның бірлескен бұйрығымен бекітілген. Олардың қатарында Қорғаныс министрлігі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бар. Министрлердің қолдары құжатқа бір ай бұрын қойылған. Ал 9 қыркүйекте e-Qazyna.kz платформасында әзірлеушілер жекешелендіру құралы ретінде пайдалануға ұсынылған ASKERGE SHANYRAQ жаңа цифрлы сервисін таныстырды (Askerge-shanyraq.e-Qazyna.kz). Бұл сервисті ҚР ҚМ "Ақпараттық-есептеұ орталығы" АҚ әзірлеп шығарғанын айта кетейік.

Бүгінде мамандар тың қызметті электронды арналар арқылы ХҚКО-да тұрғын үйді жекешелендіру туралы келісімшарттарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жүйемен интеграциялауды аяқтауға жақын қалды.

"Біз "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының деректер базасымен интеграция процесін аяқтап жатырмыз. Осы арқылы электронды келісімшарттар мемлекеттік деректер базасында автоматты түрде тіркеледі немесе ХҚКО-да қол қойылған және мөрлері бар қағаз нұсқалармен бірдей қатар қабылданады. Бұл бюрократияны азайту және цифрландыруды ілгерілету бағытындағы маңызды қадам", деді ҚР Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов.

Әскерилерден бөлек мұндай қызмет азаматтардың басқа санаттары үшін де қолжетімді болады деп көзделіп отыр.

Қорғаныс министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде жекешелендіруге 3,5 мың адам кезекте тұр (ҚР ҚК-де әскери қызметте және еңбек қатынастарында тұрған азаматтар). Жекешелендіру құқығына қызметтік үйде 10 жылдан артық жалға алып, тұрғандар ғана пайдалана алады. Бұл ретте өтініш беруші жылжымайтын мүліктің қалдық құнын төлеуге тиіс екенін атап өткен жөн. Ал қызметтік баспанада 20 жылдан көп (жалға алғандар) тұрғандар өтеусіз негізде жекешелендіруге құқылы, яғни олар мемлекеттен пәтерді тегін алу мүмкіндігіне ие. Сондықтан жыл сайын жаңа қызмет арқылы келетін өтініштердің нақты санын атауға болмайды. Кейінгі бірнеше жылда бұл көрсеткіш жылма-жыл 420-дан 522 пәтерге дейін өзгеріп отырған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу