"Астана қаласының энергетикалық орталығында апаттық автоматиканы жаңғырту" жобасы сметалық құны асыра бағаланған. Нәтижесінде, жоба құны 1,9 млрд теңгеге төмендетілді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі Қаржы мониторингі агенттігіне сілтеме жасап.
Жұмыс жобасы "Астана-РЭК" АҚ-нан "Мемсараптама" Шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына оң қорытынды алу үшін жіберілген.
"Жұмыс жобасын талдау барысында жобалаушы құжаттаманы құрастыру кезінде еншілес компаниялардың баға ұсыныстарын жоғары бағаланған құнымен қолданғаны анықталды. Өз кезегінде Департамент "Мемсараптама" РМК-ға әлеуетті жеткізушілерден, Қазақстанның өндірушілерінен құны ең төмен жабдыққа баламалы баға ұсыныстарын жолдады. Дер кезінде анықталған факті нәтижесінде жоба құны 5,9 млрд теңгеден 4 млрд теңгеге дейін төмендеді", - делінген хабарламада.
Энергия өндіруші немесе тасымалдаушы кәсіпорындардың жұмыстары мен қызметтерінің құнын негізсіз асыра бағалау соңғы тұтынушылар үшін электр энергиясының тарифтеріне кері әсерін тигізетінін атап өткен жөн.