Мемлекет басшысының өкімімен Тимур Бөкейханұлы Әбілқасымов Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тимур Әбілқасымов 2011 жылы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын "бизнес экономикасы" және "мемлекеттік саясат экономикасы" мамандықтары бойынша бітірді. Лондон бизнес және қаржы мектебінде "тәуекел-менеджмент" мамандығы бойынша МВА дәрежесін алған. Тәуекелдерді басқару жөніндегі кәсіби мамандардың жаһандық қауымдастығы (Financial Risk Manager) халықаралық сертификатының иегері.
Бұдан басқа, Тимур Әбілқасымовтың операциялық тәуекелдер, Базель III және Data science бойынша сертификаттары бар. Сондай-ақ ол "Қазтеміртранс" АҚ және "Kazakhstan Energy Reinsurance Company" директорлар кеңесінің мүшесі лауазымын атқарғаны белгілі. М. Нәрікбаев атындағы ҚазМЗУ-да аға оқытушы болып жұмыс істеді. Тәуекелдерді басқару және қаржы секторы мәселелеріне арналған "Risk Takers" телеграм-арнасының авторы.