Түркістан облысында мың томды құраған қаржы пирамидасының ісі бойынша 25 адам сотталды, деп жазады inbusiness.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Ақпаратта көрсетілгендей, қаржы пирамидасы бойынша Түркістан облысы полицейлерінің тергеуінде болған екі мыңнан астам жәбірленушінің ісіне нүкте қойылды. Аталған қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Қаржы пирамидасының ұйымдастырушы, құрылтайшылары болып саналатын 3 адам 12 жылға, ал олардың орынбасарлары болған 5 күдікті 10 жылға, қалған 17 күдікті 8 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Олардан компьютерлік техника, жылжымалы және жылжымайтын мүліктер тәркіленді.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру 1 жылдан астам уақыт бойы жалғасқан. Осы уақыт ішінде сараптаманың 15 түрі тағайындалды.
Қылмыстық топ бірнеше жылдар бойы тұрғындардан алаяқтық жолмен 3 миллиард теңгеден асатын қаражатты иемденген.
Айта кетейік, полицияға 2020 жылдан бастап “Evolution Corporation” мен “Индиго 24” ЖШС қаржы пирамидасының құрбаны болған азаматтардан арыздар түскен. Олар республиканың 6 облыс пен қалаларының тұрғындары. Қылмыстың ауқымы ескеріліп, ҚР ІІМ-нің бұйрығымен қылмыстық іс Түркістан облысы Полиция департаментінің базасында жүргізіліп, тәжірибелі тергеушілер тобы құрылған болатын.