Қаржы пирамидасына қатысты басты айыпталушы Молдовадан экстрадицияланды

820

Күдікті 27 ақпан күні Қазақстан ІІМ-нің сұранысымен Молдова астанасында ұсталып, Кишинев қаласының тергеу изоляторына қамалған болатын  

Қаржы пирамидасына қатысты басты айыпталушы Молдовадан экстрадицияланды

Бүгін ҚР Ішкі істер министрлігі Молдова Республикасынан А.Мырзабековті экстрадициялады, деп хабарлайды Polisia.kz порталы.

"Мырзабековті экстрадациялауды еліміздің Бас прокуратурасының және Ішкі істер министрлігінің жәрдемімен қазақстандық полицейлер жүзеге асырды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдарын ІІМ Тергеу департаменті қолға алған. Жедел тергеу тобының құрамына барлық аумақтық полиция департаменттерінің қызметкерлері кіріп отыр. Қаржы пирамидасының құрылған ошағы Ақтөбе өңірі және ұйымдастырушылар осы облыстың тумалары болғандықтан, олардың қатысуымен тергеу іс-қимылдары Ақтөбе қаласында өтіп жатыр. Бұған қоса, аумақтық бөлімшелердің тергеушілері алданған салымшыларды және ұрланған қаражатты анықтау жұмыстарын жалғастыру үстінде. Қазіргі уақытта ішкі істер органдарына шамамен 8 мың азамат шағым жасады және келген шығын 10 млрд теңгеден асып отыр. Зардап шегушілерден шағым әлі де түсуде", – делінген ақпаратта.

Мәлім етілгендей, іс бойынша 42 күдікті анықталып, оның 19-ы сот санкциясымен қамауға алынды және 8-іне іздеу жарияланды. Қаржы пирамидасының белсенді қатысушыларының бірі А.Ысқақов тергеуден Қырғызстан аумағында жасырынған болатын. Ол Бішкек қаласында ұсталып, 20 сәуірде Қазақстанға жеткізілді. Қылмыстық істің тергелу барысы ІІМ басшылығының айрықша бақылауында тұр.

Естеріңізге сала кетейік, А.Мырзабеков "Гарант 24 Ломбард" ЖШС-ның құрылтайшысы. Ол "ЕSTATE Ломбард" және "Выгодный займ" ұйымдарының да қылмыстық әрекеттеріне басшылық жасаған. Жоғарыда аталған компаниялардың барлығы Қазақстан аумағында қаржы пирамидасын құрған және олардың алаяқтық әрекеттері салдарынан ондаған мың адам зардап шегіп отыр.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу