Сауалнамаға қатысқандар келесі жылы теңге әлсірейді деген болжам жасайды. Мәселен, 2023 жылдың басында ұлттық валютамыз 470-ке дейін арзандаса, келер жылдың соңына қарай 497 теңгеге дейін құнсызданады.
Сауалнамада алдағы жылы инфляция тағы жоғары болатыны айтылған. Десе де биылмен салыстырғанда төменірек, 14 пайызға дейін баяулауы мүмкін. Алайда, 4-6 пайыз деген дәліздің ауылы әлі алыс. Сарапшылар келер жылы жалпы ішкі өнімнің өсімі 2,8 пайыз болады деп болжап отыр.
"Келесі жылы әлемдік экономиканы рецессия күтіп тұр. Мұнай бағасы қазіргідей жоғары болмайды. Биыл қара алтын 100-125 долларға дейін өссе, жыл соңында 86 долларға дейін түсті. Оған қоса біздің шикізатты жеткізуде қиындық көп. Каспий құбыры төңірегіндегі жасанды проблемалар келесі жылы тағы жалғасуы мүмкін. Бұл экспорттан түсетін кіріске кері әсер етеді", дейді Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығының сарапшысы Рамазан Досов.