Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.
2022 жылдың 29-шы желтоқсанында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік және жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңына қол қойған болатын.
Соған сәйкес азаматтық авиацияға қатысты "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Заңға, Жер кодексіне, Еңбек кодексіне және басқа да заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек.
"Аталған заң азаматтық авиация қызметін реттеу тетігін одан әрі жетілдіруді, ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздікті арттыруды, сондай-ақ әуе көлігі қызметтерін пайдаланатын азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды түзетулерді қамтиды.
Мәселен, ұшу қауіпсіздігін арттыру және жерді пайдалануды шектеу үшін, сондай-ақ әуежай маңындағы аумақта объектілер салу үшін Жер кодексіне әуеайлақ маңындағы аумақта қызметті жүзеге асыруға рұқсат алуды талап ететін әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы заңнаманың ережелерін ескере отырып, әуеайлақ маңындағы аумақта жер учаскелерін беруді реттейтін норма енгізіледі", – деп жазылған хабарламада.
Бұдан басқа осы заңда халықаралық әуежайлар үшін әуежай инфрақұрылымын дамытудың нақты кезеңдерін және басым міндеттер тізбесін қамтитын бас жоспарды бекіту жөніндегі ереже белгіленеді. Бұл тасымалдау көлемінің болжамды өсуін ескеруге, әуежайлардың инфрақұрылымын дамыту үшін қажетті жер учаскелерін қамтамасыз етуге, халықаралық стандарттардың, оның ішінде ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздіктің де сақталуын қамтамасыз етуге септігін тигізеді.
"Қаржылық қиындықтарға тап болған және өзінің операциялық шығындарын қамтамасыз ете алмайтын өңірлік әуежайларды мемлекеттік қолдау мақсатында субсидиялау тетігі қарастырылады", – деп хабарлады министрлік.