"Қасбеттен қасбетке дейін" қағидаты Қазақстанда тұңғыш рет жүзеге асып жатыр

2030 жылға дейін Алматыда 95 шақырымға жуық 37 көше жаңартылмақ.  

"Қасбеттен қасбетке дейін" қағидаты Қазақстанда тұңғыш рет жүзеге асып жатыр Фото: Колеса

Алматы – елдегі жайлы урбан орта құрудың халықаралық стандартын енгізген алғашқы қала, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

2025-2026 жылдары шаһарда ұзындығы 49,2 шақырым болатын 11 көше кешенді түрде көркейтіледі деп жоспарланып отыр. Бұл жайында Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев хабарлады. 

– Әлемнің ірі мегаполистерінің озық тәжірибесі көшелерді "қасбеттен қасбетке дейін" кешенді көріктендіру тәсілі жайлы және заманауи қала ортасын құрудың ең оңтайлы шешімі екенін көрсетеді. Біз Алматыда осы халықаралық стандартты енгізудеміз, бұл тәсілді қолданатын Қазақстандағы алғашқы қала болдық, – деді ол. 

Ерболат Досаевтың сөзінше, осы күні Достық даңғылы және Пушкин көшесі жобаларының ЖСҚ әзірлеу жұмыстары аяқталған. Сондай-ақ, 2025 жылдың ақпан айында Радостовец және Мақатаев көшелерінің жобалау жұмыстары аяқталып, құрылыс-монтаждау жұмыстары 2025 жылдың мамыр айында басталмақ. 

2025 жылы Желтоқсан көшесінде (Байтұрсынов көшесінен Райымбек даңғылына дейін) ұзындығы 4,6 шақырым және Райымбек даңғылында (Пушкин көшесінен Алтын Ордаға дейін) ұзындығы 17,2 шақырым болатын екі жаңа BRT желісі салынып, көшелер "қасбеттен қасбетке дейін" қағидаты бойынша кешенді көріктендіріледі. 

"Алматыбасжоспар" ЖШС жобалық жұмыстар қалалық инфрақұрылымды кешенді жаңарту үшін жасалғанын айтады. Көшелер заманауи жаяу жүргіншілер жолдарымен жабдықталса, қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіз және ыңғайлы қозғалысын қамтамасыз етуге де күш салады. Жолда ыңғайлы орындықтар, беседкалар, қоқыс жәшіктері және жаңа жарықтандыру тіректері орнатылмақ. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу