"Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В." (NCOC) компаниясының Солтүстік Каспий жобасы операторының баспасөз қызметі Қашаған кен орнында өндіру басталғаннан бері 100 миллион тонна мұнай өндіру шегіне жеткенін хабарлады. Бұл туралы inbusiness.kz сайты жазады.
Ресми мәліметке сәйкес, алынған мұнай өндіру көрсеткіші Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып отырған NCOC компаниясының тұрақты дамуын көрсетеді.
"Бүгінгі іс-шара қауіпсіздікке, содан кейін өнімділікке басымдық беретін барлық қызметкерлеріміз бен мердігерлеріміздің адалдығы мен тәжірибесінің арқасында жүзеге асырылды. Сондай-ақ, акционерлерге, уәкілетті органға, республикалық және облыстық мемлекеттік органдарға мызғымас қолдау көрсеткені үшін алғысымызды білдіргіміз келеді. Бұл жетістік – барлық қатысушылардың ұжымдық жұмысының, кәсібилігінің және міндеттемесінің дәлелі", – деп атап өтті NCOC басқарушы директоры Оливье Лазар.