Қашаған компаниялар тобындағы Inpex NorthCaspian Sea Ltd. 7 мың тонна қазақстандық мұнайды сынақ ретінде Ақтау порты арқылы Бакуге, одан ары Еуропаға жөнелтеді.
Бұл туралы онлайн брифингте "ҚазТрансОйл" компаниясының өкілі айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Inpex NorthCaspian Sea Ltd. Қашағанның операторы болып табылатын North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумындағы 7,563 пайыздық үлеске ие компания.
"Бүгінгі күні порт жүктемесі Транскаспий бағыты бойынша ТШО көлемі - 1,5 млн тоннаны ескере отырып, 3,5 млн тоннаны құрайды. Inpex осы айда бізді сынақтан өткізуді жоспарлап отыр. Қазір цистерналарға мұнай құю аяқталды. Олардың цистерналары Ақтауға жөнелтілді. Осы айда 7 000 тонна құю жоспарлануда", – деді "ҚазТрансОйл" компаниясының өкілі онлайн брифингте.
Компания Ақтау арқылы 1,5 млн тонна Теңіз мұнайын айдау жоспарын сақтап қалуға ниетті. Алайда Түркиядағы жер сілкінісіне байланысты жүк жөнелту уақытша кешіктіріліп отыр.