Кашмирде су тасқынынан 32 адам қаза тапты

119

Үндістан бақылауындағы Кашмирде нөсер жауын салдарынан алапат су тасқыны болды.

Кашмирде су тасқынынан 32 адам қаза тапты Фото: Euronews.com

Табиғи апаттан кейін 100-ден астам адам құтқарылып, кемінде 50 адам із-түзсіз жоғалып кетті. Бұл туралы табиғи апаттармен күрес қызметінің өкілі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Гималайдың Чосити ауданында жұмыс істеп жатқан құтқарушылар бейсенбі күні бос қалған ауылдарды тексеру барысында адамдарды эвакуациялады. Үндістанның ғылым және технология министрінің орынбасары Джитендра Сингх бұл апаттың нөсер жауынның тікелей салдары екенін мәлімдеді.

Жергілікті шенеунік Сушиль Кумар Шарма қирандылар арасынан жеті адамның мәйіті табылғанын айтты. Оның сөзінше, су тасқыны ондаған көлік пен мотоциклді ағызып кеткен, сондықтан хабарсыз кеткендер саны әлі де артуы мүмкін.

Чосити – Кашмирдің Киштвар округіндегі шалғай ауылдардың бірі. Бұл жер жыл сайын киелі тауға қажылыққа баратындар үшін көлікпен жетуге болатын соңғы елді мекен саналады. Қазір қажылық сапар уақытша тоқтатылып, апат аймағына қосымша құтқару күштері жіберілді.

Кашмирдегі Нью-Дели өкілінің басшысы Манодж Синха қаза болғандардың туыстарына көңіл айтып, әскерилер мен төтенше жағдай қызметкерлеріне құтқару жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Соңғы жылдары Үндістанның Гималай өңірлерінде нөсер жауын жиілеп, соның салдарынан жаппай су тасқындары мен көшкіндер орын алып, адам шығыны артып келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу