Қашықтан оқу кезінде сабақ кестесі болмайды

3275

Министр қашықтан оқыту мен онлайн оқытудың айырмашылығын түсіндірді.  

Қашықтан оқу кезінде сабақ кестесі болмайды

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қашықтан оқыту мен онлайн оқытудың айырмашылығына тоқтала отырып, дәстүрлі түсініктегі сабақ кестесінің болмайтынын мәлім етті.

"Көпшілігіміз қашықтан оқыту мен онлайн оқытуды бірдей ұғым ретінде пайдаланып жүрміз. Бірақ қашықтан оқыту онлайн оқытуға тең емес ұғым. Қашықтан оқыту деген – почта, радио, теледидар, интернет арқылы білім беру. Интернеттің өзінде де онлайн оқу емес, қашықтан тиісті тапсырманы алып, орындауға, видео сабақтарды бірнеше мәрте қарауға мүмкіндік береді. Жалпы, баланың өзі икемделіп істейтін жұмысы. Сондықтан осы екі ұғымды бөлек тануымыз керек", – деп түсіндірді Асхат Аймағамбетов.

Мұғалімнің қашықтан берген сабағын ешкім тексермейтінін айта келе министр, сабақ кестесі болмайтынын да ескертті.

"Біз үйренген дәстүрлі оқу кестесі де болмайды. Бала берілген тапсырманы өзіне ыңғайлы уақытта орындайды. Өйткені бізде онлайн жоқ. Ең бастысы, бізге нәтижесі керек. Нәтижесін жинақтық бақылауда өзіміз көріп отырамыз. Біз балаларымызға сеніп, қолдауымыз керек. Кейбір директорлар, ұстаздар балаларға "тиісті форманы киіп сабақ оқыңдар" дегендей әр түрлі талаптар қойып жатыр. Бұл мәселені біз қолдамаймыз әрі олай жұмыс жүргізуге болмайды. Жалпы бүгінгі күні 167 мемлекет қашықтан білім беру жүйесіне көшті. 1 млрд бала қашықтан оқыту жүйесімен білім алып жатыр. Қандай қиындықтар болса да, осы жүйеге көшуге тура келеді. Бұл біздің білім саласы үшін үлкен сынақ, жұмысты тиісті деңгейде орындаймыз деп ойлаймын", – деп сөзін қорытындылады бас ұстаз.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу