Қашықтан оқытуға байланысты білім сапасы нашарлап кетті – Рүстем Биғари

709

Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари мектептерде екінші тоқсанның басталуына қатысты өткен брифингте елде білім сапасының нашарлап кеткенін айтты.

Қашықтан оқытуға байланысты білім сапасы нашарлап кетті – Рүстем Биғари

"Телесабақтар бірсарынды болып кетті дегенге келіспеймін. Сабақтарды үздік мұғалімдердің қатысуымен "Хабар" арнасы сапалы түсіріп жатыр. Дегенмен сарапшылардың айтуынша, әлем елдерінде қашықтан оқытуға байланысты білім сапасы нашарлап кеткен. Қазақстан да бұл мәселеден айналып өте алмады. Сол себепті білім берудің жаңа тәсілдерін ғалымдар, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім Академиясы мен үздік педагогтер жасап жатыр. Сабақтарды ойын түрінде, интерактивті өткізіп, әртүрлі жаңа технологияларды пайдаланамыз. Білім сапасына күн сайын мониторинг жүргіземіз. Білім сапасын жақсарту үшін жұмыс істеп жатырмыз", – деді вице-министр.

Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова оқушының көзін көзбен көрмегендіктен жоғары сапалы білім беру қиын екенін айтты.
"Балалар оқудың келесі деңгейіне өткен кезде олардың білім сапасын тексереміз. Яғни білім беру үдерісі кезінде мектептерде бөлімдік, тоқсандық бағалау жүргізіледі. Педагог ретінде айтарым, сыныптағы сабақты еш нәрсе алмастыра алмайды. Экранның арғы жағында отырған баламен байланысты жоғалтып аламыз. Баланың көңіл-күйін, көзін көрмегендіктен жоғары сапа туралы айту қиын. "Күнделік" электронды журналы мұғалім мен оқушының және мұғалім мен ата-ананың арасын жалғап отыр. Екінші тоқсанда осы мүмкіндікті бұдан да жоғары деңгейде пайдаланамыз", – дейді қалалық білім басқармасының басшысы.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу