Кәсібінен береке тапқан наубайханашы

718

Былтыр мемлекеттен грант жеңіп алған көп балалы кәсіпкер адал еңбекпен алға адымдауда. 

Кәсібінен береке тапқан наубайханашы Фото: inbusiness.kz

Бейнеу ауданының тұрғыны 37 жастағы Гүлмира Хибасова бүгінде шағын наубайхана тасын өрге домалатып отыр.  
Гүлмира былтыр мамыр айында "Бастау Бизнес"  жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқып, сертификатқа қол жеткізді. Оқу курсын ойдағыдай тәмамдаған ол 2022 жылы сәуір айында 1 225 200 теңге көлемінде грант жеңіп алады.

Қайтарымсыз қаржыға  наубайхана цехына қажет екі пеш пен витриналы тоңазытқыш сатып алып, өз кәсібін бастайды. Бүгінде бейнеулік кәсіпкер ісіне береке дарып, бүкіл ауыл тұрғындарын түрлі нан өнімдерімен қамтып отыр. Наубайхананың сұранысқа ие басты өнімі - құрамына табиғи ашытқы қосылған қара нан, әрі тіл үйірер түрлі тәттілер. 

Гүлмира тәулігіне 70 дана нан өнімін дүкен сөрелеріне жөнелтеді. Өзінің айтуынша, келіп түсер тапсырыс саны әр күні әр қалай екен. Мемлекеттік бағдарламаның игілігін көрген Гүлмира жеке кәсібі арқылы екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта  цех аумағын кеңейтіп, өндіріс көлемін ұлғайтып, шағын ісін отбасылық кәсіпке айналдыруға ниетті.
Бес баланың анасы Гүлмира Хибасованың айтуынша, наубайхана ашу көптен көкейінде жүрген арманы екен. 

“Алдағы уақытта Бейнеу  ауданына қарасты ауыл-аймақты табиғи ашытқымен даярланатын, ағзаға сіңімді нанмен қамтамасыз еткім келеді. Сондай-ақ, жұмыссыз, үй тірлігіндегі көп балалы аналарды жұмыспен қамтамасыз етуді жоспарымда бар”, – дейді Гүлмира Хибасова.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу