Кәсіпкер ауладағы жер телімін сатылымға қойды

897

Жергілікті тұрғындар бұған аң-таң.

Кәсіпкер ауладағы жер телімін сатылымға қойды

Павлодар қаласы Торайғыров көшесі, 81 мекенжайындағы көпқабатты үйдің тұрғындары талай жылдан бері жергілікті биліктен аулада спорт, ойын алаңын салып беруді сұрап келеді. Бірақ жұртшылықтың бұл өтініші назарға алынған жоқ. Есесіне дәл осы аулада кәсіпкерлік нысаны бой көтереді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Бұл туралы жергілікті жұртшылық күтпеген жерден білді. Белгілі болғандай, ауладағы 7 сотық жер телімі осыдан бірнеше жыл бұрын жекенің қолына өткен. Енді кәсіпкер бұл жерде екі қабатты ғимарат салып, оны бизнес орталыққа айналдырмақ. Ал ол үшін шағын скверді түп тамырымен жұлу керек.

Тұрғын Роза Янчевскаяның айтуына қарағанда, олар жылдар бойы мойыл, шетен мен гүлдердің түр-түрін салып, күтіп-баптады. Бірақ жаңа нысанның салынуы салдарынан талай жылғы еңбектері еш кетеді.

"Ауладағы ағаштар мен гүлдер ауаны тазартуымен пайдалы болса, бір жағынан балаларға да, үлкендерге де кәдімгідей ермек еді. Көктемнен қара күзге дейін оларды баптап, суарып, жастарды еңбекке баулыдық, оларға экологиялық тәрбие беруге тырыстық. Соның барлығы осы үйдің тұрғындарына керегі жоқ ғимараттың кесірінен бір мезетте жоқ болары өкінішті", - дейді тұрғын.

Бизнес орталықтың жобасын жасаушы компания өкілі Радик Шамигуловтың сөзінше, ағаштардың орнына компенсациялық көшеттер отырғызылады.

"Жоба бойынша, құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін алты қарағаш ағашы кесіледі. Нысанды салу барысында олардың саны қайта нақтыланады. Кейін әкімдік берген талон негізінде біреуінің орнына алты көшет отырғызылады", - дейді жоба авторы.

Бірақ мәселе мұнымен бітпейді. Жаңа ғимарат жасыл желектің орнына ғана емес, инженерлік-коммуникациялық желілердің үстіне салынбақ. Пәтер иелері кооперативінің төрағасы Нұрсәуле Байболатова сол кезде қиындықтың "көкесі" болатынын айтады.

"Қазірдің өзінде жер астында жатқан ескі құбырларды жөндеу, жылу беру маусымына дайындау, апаттық жағдайлардың салдарын жою оңай емес. Бұл желілер екі қабатты ғимараттың астында қалса, мәселе тіпті қиындай түседі. Тозығы жеткен су, жылу құбырлары жарылса, не істейміз?" - дейді ол.

Мұның барлығы жер телімінің иесін аса алаңдатпайтынға ұқсайды. Құрылысқа қатысты өткен қоғамдық тыңдаудың екінші күні-ақ жарнамалық сайттардың бірінде бұл учаскенің сатылатыны туралы хабарландыру пайда болды.

"Жалпы аумағы 863,9 шаршы метр болатын әкімшілік ғимаратты салуға қолайлы жер телімін сатамын. Мемлекеттік акт, басқа да құжаттары бар, жобасы дайын. Бағасы – 25 млн теңге. Тиімді шарттарды қарастырып, ауыстыруға болады", - делінген.

Жергілікті әкімдік хабарлағандай, жер телімі иесінің құрылысты жүргізуге рұқсат беретін құжаттары түгел. Бір жыл аралағында көпқабатты үйдің ауласында екі қабатты ғимарат салынады. Оның нақты қандай мекеме болары учаскенің жаңа сатып алушысына байланысты. Тұрғындардың ойын, спорт алаңына

қатысты арманы орындалмас түгілі қолда бар байлығы – ағаштар, гүлдер мен бос жерден айырылғалы тұр.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу