ATAMEKE BUSINESS арнасының тікелей эфирінде өткен телемарафонда кәсіпкер елдегі букмекер кеңселерінің иелеріне үндеу тастады.
"Ел індет жұқтырған жақындарына дәрі таппай, карантин кесірінен жұмысынан айырылып жатқан кезде букмекерлік кеңсе иелеріне кәсіпкерлер атынан үндеу айтқым келеді. Мынадай қиын-қыстау кезеңде букмекерлік кеңселердің жұмысын тоқтата тұрыңыздар. Дәл осындай кезде халықты құмар ойынға шақырмай қоя тұрыңыздар. Ел билігіне де айтарым бар. Болашақта елдегі букмекерлік кеңселердің жұмысын шектеу қажет. Біз, кәсіпкерлер мұндай кәсіп еліміздің жастарын масылдыққа тәрбиелейді деп ойлаймыз", – деді Altais Group құрылыс компаниясының директоры Әлімбек Жұмабаев
Кәсіпкер өзінің әріптестері мен құрылыс компаниясының ұжымын COVID-19 індетімен күреске жұмылдырып жатқанын да айтты.
"Бір топ кәсіпкер елдегі ауруханаларға қажет аппараттар алу үшін 50 млн теңге жинады. Медициналық мекемелерге оттегі түтікшелері мен оттегі концентраторы қажет екен. Қазірдің өзінде 11 дана оттегі концентраторын алып бердік. Кәсіпкерлермен бірге қарапайым жұмысшылар да айлығынан ақша бөлді. Енді 5 млн теңгені орталық мешіт арқылы мұқтаж отбасыларға таратпақшымыз", – дейді кәсіпкер.
Есжан Ботақара