Ақтоғай ауданының кәсіпкері Александр Терентьев Ақтоғай, Ертіс аудандарының көпбалалы және аз қамтылған отбасыларына тегін 74860 келі картоп таратты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Қайырымдылық шарамен мешіт пен шіркеу де қамтылды. Сонымен қатар, Ақтоғай ауданы бойынша күнделікті тұтынуға және көктемгі тұқымдық үшін 27180 келі картоп үлестірілген.
"Картоп сәуір айынан таратыла бастады. Бүгінгі күні өнім Ақтоғай ауданының Харьков ауылына, Ақтоғай, Мүткенов және Қожамжар ауылдық округтеріне жіберілген. Қазіргі уақытта серіктестік ауданның басқа елді мекендеріне қажеттілік болған жағдайда картоп бөлуге дайын",– дейді "Ақтоғай-Агро" ЖШС өкілі Құндыз Тоқпайқызы.
Жалпы Ақтоғай ауданы бойынша 536 көпбалалы отбасы бар. Оның ішінде 180 отбасыда төрттен көп бала тәрбиеленуде. Жыл басынан бері 147 отбасы жаңа форматтағы АӘК алып үлгерген. Бұл мақсатта 22 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалған. Бұдан басқа, көмек көрсету мақсатында аз қамтамасыз етілген отбасыларға жергілікті кәсіпкерлер бекітілген.