Кәсіпкер құрылыс бөлімінен қарызын өндіріп алды

1212

Кәсіпкер құрылыс бөлімінен қарызын өндіріп алды

Талдықорғанның құрылыс басқармасы 4 млн теңгеден астам қарыз болып қалған.

Кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлерлің құқығын қорғау және әкімшілік кедергіні азайту бөлімінің сарапшысы Диас Оташбаев сотта "Арлан-жоба құрылыс" ЖШС құқығын қорғап, апелляциалық сотта жеңіп шықты.

Облыстық КҰП баспасөз қызметінің хабарлауынша, компания сотқа Талдықорғанның құрылыс басқармасынан 4 миллион теңге өндіріп беруді сұрап шағым түсірген, өйткені мемлекеттік орган жасалған жұмыстың ақысын толық төлемепті. 2014 жылдың желтоқсан айында шағым түсіруші мен жауап беруші тарап арасында екі нысанның жобалау-зерттеу жұмыстарына түзету енгізу бойынша мемлекеттік сатып алу туралы екі келісімшарт жасалған. Бірінші сатыдағы сотта жауап беруші тараптың өкілі шағымды мойындамай, келісімшартқа сай төленбеген ақының бір бөлігі мәслихат ақша бөлген соң төленеді деген. Келісімшарт бойынша қаржы екі кезеңге бөлініп төленуі керек болған, бірінші бөлігі келісімшарт жасасқан соң сол жылы төленген, екінші бөлігі келісімшартта көрсетілгендей жергілікті аумақтық өкілетті орган бөлген соң төленуі тиіс еді.

Сотта серіктестік өкілінің жұмыстың біткені туралы құжат мемлекеттік орган мен шағымданушы тараптың мөрлері қойылмай тапсырылғаны туралы дәйектері қабылданбады. Осы себеп компания шағымын кері қайтаруға түрткі болды.

Содан кейін апелляциялық шағым түсіру туралы шешім қабылданды. Сот тексерісі бірқатар жағдаяттарды анықтады, олар бірінші инстанциядағы сотта лайықты деңгейде қаралмапты. Сот коллегиясы жауап беруші тараптың жұмыс нәтижесін қабылдап алған күннен бастап бүгінге дейін (1 жыл 7 ай бойы) мәслихаттың қаржы бөлуіне септесетін ешбір қадам жасамағанын анықтады. Жауап беруші тараптың облыстық әкімдіктің бөлімдерінен ақша бөлуді сұраған өтініш хаттары жауапсыз қалған. Сондай-ақ сот салынған ғимаратты қабылдап алған комиссияның мемлекеттік актілерін назарға алды. Сонымен, апелляциялық сот коллегиясы алдыңға шешімді жоққа шығарып, шағымданушы тараптың шағымын қанағаттандырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу