Кәсіпкер қыздар бөдене құсын кәсіп көзіне айналдырды

400

Аруалар қазір 1500 бас құс өсіріп жатыр. 

Кәсіпкер қыздар бөдене құсын кәсіп көзіне айналдырды Фото: Inbusiness.kz

Зайсанда тұратын Аяулым Бақытқызы мен Нағима Тоқтарбекқызы Сауыр тауының етегінде бөдене өсіріп жатыр. Әрі көрші, әрі құрбы болған кәсіпкер қыздар өз аудандарынан бөлек, өзге аудандарды да өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Жуықта жұдырықтай ғана дала құсын қолға үйретіп, оймақтай жұмыртқадан пайда тауып отырған зайсандық құрбылардың кәсібімен танысып қайттық. "ALTYNZER EKO ferma" деп аталатын шағын шаруашылықта 1500 бас бөдене бар.

"Бұл кәсіпті өткен жылы бастадық. Қазір 1500 бас құс өсіріп жатырмыз. Оның 1000 басы жұмыртқа бағытында болса, 500-і ет бағытында. Қазір өнімге сұраныс өте жоғары. Тұрақты тұтынушыларымыз бар", - дейді кәсіпкер  Нағима Тоқтарбекқызы.

Бөдене шаруашылығы соңғы жылдары еліміздің оңтүстік өңірінде кеңінен тарай бастағаны белгілі. Ал, Шығыс Қазақстанда енді ғана етек жайып келеді. Шығысқа бұлай кеш таралуының бірден бір себебі – климаттың суықтығы мен қардың қалыңдығы және қыстың ұзақтығы себеп болып отыр. Бөденеден жақсы өнім алу үшін тұрақты температураның сақталуы маңызды екені айтпаса да түсінікті. Қатты отынмен үздіксіз қоражайды жылы ұстау кәсіп иелеріне тиімсіз.

Іскер арулардың көңіліне сенім ұялатып, кәсібін дөңгелентуіне көгілдір отынның пайдасы мол көрінеді. Себебі Зайсан қаласы газбен қамтылғандықтан, шаруашылық түгелдей көгілдір отынмен жылиды. Тұрақты темперетурамен қатар, айлық төлемі де тиімді.

"Бөденелер жылы жерді жақсы көреді, суық жерде жұмыртқаламайды. Тұрақты температура 15-20 градустай жылы болуға тиіс. Шағын фермамыз толықтай газбен жылиды. Өте тиімді болып тұр. Әйтпесе көмір қымбат. Оның үстіне үнемі от жағып отыруға тура келеді. Ал газ тұрақты. Бағасы да арзан. Жұмыртқаларды инкубатормен басып шығарамыз. 15-18 күнде балапан жарып шығады. Жемін, суын беріп жақсы қарасаңыз, 40 күнде жұмыртқа туатын болады. Бір бөдене тұрақты күніне 30 грам жем жейді. Күнінен бір жұмытқа туады", - дейді кәсіпкер. 

Ерекше бір айта кететіні, бұл ферма алғашында Аяулым Бақытқызының тұрып жатқан үйі болыпты. Кейін кәсіпкер қыздар баспананы фермаға айналдырған.

"Бұл негізі құрбымның тұрып жатқан үйі болатын. Осы кәсіпті бастау үшін осы үйді фермаға айналдырдық. Бізде басқа ыңғайлы орын болмады. Бұл кәсіпті негезі әлеуметтік желіден көріп бастап кеттік. Жолдасым құстардың тұратын клеткаларын жасап берді. Үнемі қолдау көрсетеді", - дейді Нағима Тоқтарбекқызы.

Аталған кәсіпті құрбылар өз қаражаттарына бастаған. Келешекте кәсіптерін кеңейтуді көздейді.

"Бөдененің еті мен жұмыртқасы қант ауруымен ауыратындарға ем. Сонымен қатар, асқазан жарасына шипа. Бір ерекшелігі, бөденелер ешқандай құстұмауымен ауырмайды. Алдағы уақытта осы кәсібімізді кеңейтуді жоспарлап отырмыз", - дейді Аяулым Бақытқызы.

Кәсіп иелерінің сөзінше, құстарға арнайы өзінің жемі беріледі екен. Бөдененің жалпы салмағы 200 грамнан аспайды.

Аяулым мен Нағима енді бөдене етін тұздап, маринадтауды, құстың жұмыртқасынан табиғи майонез жасауды қолға алмақшы. Табиғи майонездің асқазанға пайдасы зор. Құстардың саңғырығын да далаға тастамай, оны биогумусқа, шылаушын құрттарын қосу арқылы табиғи тыңайтқышқа айналдырмақшы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу