Кәсіпкер мүмкіндігі шектеулі балаларға ойыншық жасауды қолға алды

Дизайнер маман әуелде балаларға сабақ беруді көбірек ойлаған. 

Кәсіпкер мүмкіндігі шектеулі балаларға ойыншық жасауды қолға алды Фото: Кейіпкерден

Десе де, жан рақатын атакәсіпті жалғастырып, ағаш ұстасы болудан тапқан, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Қызылордалық Талғат Ембергенов – көпбалалы әке. Оның сөзінше, ағаштан әртүрлі бұйымдар жасау – әулетке берілген үлкен сый. 

– Ағаштан түйін түю – маған таңсық дүние емес, атадан келе жатқан мұра. Атам, әкем, әулеттегі ағаларым осы кәсіппен айналысқан. Бала күннен ағаларыма, әкеме көмектесіп, ағашты кәдеге асырудың қыр-сырын көріп өстім. Ағаларымның цехында көмекші болдым, әкем құлпытас жазады. Оған қолғабыс еттім. Соның бәрі бекер болмапты. Кезінде арзандау бағада ағаштан бұйым жасайтын станоктар алдым. Қазіргі кәсіпке жолым осылай басталды, – дейді ол. 

Кәсіпкер қазір Қызылорда облысы, Қазалы ауданында тұрғын үй, ғимараттарға арналған баспалдақтар, түрлі жиһаздар шығарады. 

– Алғашқыда айына аз ғана тапсырыс түсетін. Қазір халықтың бізге сенімі артты. Айына ең кемі 30 тапсырыс аламыз. Бұдан да көп қабылдауға болатын еді, бірақ әзірге бізге тиімсіз болып тұр. Себебі, жабдықтарымыз жартылай автоматтандырылған. Бұл жағдайда адам қолы көбірек керек. Ол – қосымша шығын, – дейді Талғат Ембергенов. 

Кәсіпкер осы күні 8 адамды жұмыспен қамтып отыр. Өнім жасауда жаңа деңгейге шығуды да көздеп отыр. Яғни, ерекше балаларға қажет ойыншықтар жасауды қолға алуды бастап кетті. Ол үшін алдағы 2 жылдықта құрал-жабдықтарының бәрін автомоттандыруды жоспарлаған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу